Облыс көлемін алып қарағанда кейіпкеріміздің жасағанын қайталай білетіндер некен-саяқ болар. Ол өздігінен жүретін көлік, сөйлейтін сағат, я болмаса сиқырлы сусын ойлап тапқан жоқ. Десе де ол өңір аумағында қазақтың төл аспабы, яғни домбыраның айрықша түрін жасаған алғашқы шебер. Сенесіздер ме, екіжақты домбыра! Оның жасалу әдісі газет кейіпкері үшін аспандағы айды алғандай таңсық дүние болмаса да, сырт көзге біршама қызық құбылыс. Бір өкінішті жері бар. Ол туралы сәл кейінірек. Бұл мақалада Ұлан ауданы Ұлан ауылының тұрғыны, ұлттық аспабымызды ұлықтап, домбыра жасаудың өзіндік үлгісін қалыптастырған Жанарбек Қазезұлы жайлы айтылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай аймағынан Шымқораға
Естеріңізде болса шілде айының басында, яғни Домбыра күні қарсаңында ұландық шебер жайлы жаңалық сипатында мәлімет ұсынған едік. Бұл жолы төл аспаптың ерек түрін жасаған жерлесімізбен жолығып, ұзақ жылдар бойы үздіксіз жалғастырып келе жатқан өнері жайлы егжей-тегжейлі сұраудың сәті түсті. Ұландықтар үшін Шымқора ауылы атау әлдеқайда үйреншікті, құлаққа жағымды естілетіндігін тағы бір мәрте аңғардық. Шебердің үйін іздеп, сұрастырып жүргенімізде бірнеше жасөспірімнің телефонмен сөйлесіп тұрғанынан «Шымқора деген Жанұзаққа жетпей, негізгі жолдан солға қарай бұрылғанда көрінеді» деген сөздерін естідік. Жұрттан аз-кем жөн сұрап, межелі жерге келіп жеттік. Күн тәртібіндегі жоспарын ысырып қойып, отағасы үй ауласында күтіп жүр екен. Жылы шыраймын қол беріп, «сөйлесуге ыңғайлы жерді өздеріңіз нұсқаңыздар» дегендей ишарат білдірді. Бастапқыда шеберханада сұхбаттасқан жөн болар деп ойладық, алайда Жанарбек аға үйге жетеледі. Төргі бөлмеге кіре бере, оң жақ қабырғада бірнеше домбыра ілулі тұрды. Содан әңгіменің әлқисасын кейіпкеріміздің туған жерінен бастауды жөн санадық.
– Қытай Халық Республикасының Алтай аймағынан келдік. 2011 жылы маусым айының 24-інде атамекенге табан тіредім. Бес жылдай азаматтық ала алмадық. Сол уақыт аралығында бір істің шетін шығарып, шаруамызды иіріп әкетудің сәті түспеді. Десе де Алтай өңірінде бес жылдай домбыра жасағаным бар, үйреншікті кәсібімді осы жақта жалғастыра бастадым. Санап көрсем, биылды есептегенде он бес жылдай болыпты домбыра жасап жүргеніме, – деді ұландық шебер.
Жанарбек Қазезұлы салған жерден домбыра жасап кеткен жоқ. Алдымен бөлменің ішкі әрлеуімен айналысыпты. Оны ойдағыдай алып жүрді. 1992 жылдары домбыраның ноталарын меңгеріп, күй үйрене бастады. Үш жылдай сырттай оқып, ұлттық аспаптың жұмбағы жасырынған құпия есікті айқара ашқандай болады. Ол жерде негізінен түрлі саладағы мұғалімдерді даярлайтын. Мейлі өнер, мейлі спорт, берілген мерзімде тәмамдаса болды. Жанарбек аға асықпай жүріп, анық басып біршама күйді меңгереді. Қолына домбыраны алған сайын ынтызарлығы артып, түбі ғұмырының бір бөлігін сонымен байланыстыруға бел буғанын түйсінсе керек.
– Сол жақта Файзолла деген ұстазымыз болды. Білікті маманның тәлімін көре жүріп, домбыраны жасаумен айналыстым. Ол кезде әр мектепте кемі 60-70-тей домбыра болуы тиіс-тін. Уақыт өте осы бағытта өзімді біршама ысылғандай сезіндім. Әйтсе де 2011 жылы көшімізді Қазақстанға түзегенде бір қолайсыз кезеңде қозғалғанымызды аңғардық. Бұл жылдары бірден азаматтық алу мүмкін болмай, бес жыл күтуге тура келді. Сағымыз сынбай, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп, ойлағанымызды іске асырумен болдық, – дейді шебер әңгімесін жалғай түсіп.
Қалай жасалады?
Ұлан өңірінде бес жыл бойы тек домбыра ғана емес, бесік, үстел, орындық, есік сынды бұйымдар жасап, адал еңбекпен нәпақасын тауып жүрді. Айтуынша, қазір жағдай оңалды, тапсырыс та үздіксіз келіп түсуде. Көбінде қандас отбасылар сәбиін бесікке бөлеп, ара-тұра домбыраға да тапсырыс беріп тұрады. Қарға тамырлы қазақ қандай қуанышы болсын шүкір етуді темірқазық еткен. Шебер де өткенге бір көз жүгіртіп, бүгінде ұдайы түсетін тапсырыстарға шүкіршілік етеді екен.
Бірте-бірте әңгіме төркіні домбыраның жасалуына ойысты. Ұландық шебердің домбыралары қайың және үйеңкі ағаштарынан дайындалады. Соның ішінде үйеңкінің өзгелерден гөрі анағұрлым берік ағаш екендігін жеткізді. Жо-жоқ, қатты ағаш емес. Қайта жасау барысында үйеңкі қолға жұмсақ келеді әрі жарылмайды. Аталарымыз кезінде астауды ағаштың осы түрінен жасаған екен. Оған қоса үйеңкіден әзірленген домбыраның үні жұмсақ, ал қайыңдыкі күмбірлеп (қатты) шығатын көрінеді. Домбыраның бетін самырсыннан дайындайды. Шебер кейде қажет ағашын біреу-міреуге тапсырып алдырмақ болғанында самырсын мен қарағайды ажырата алмай әбігерге түсетіндер де аз кездеспеген. «Самырсын ала келіңіз» дегенде: «Ол не, орысша атауы қалай?» деп сұрақтың астына алған екен. Жанарбек Қазезұлының айтуынша, самырсынның сыртқы қабығы қарағайға қарағанда нәзік келеді. Ал қарағай ауыр ағаш, оны көбінде есіктің босағасын жасауға қолданады. Қос ағашты қылқандарына қарап ажыратады, оған қоса самырсын аптап ыстықта жоғары температураға ісінбейді.
Ең қымбат домбыра...
– Бірде домбыраны қайыңнан жасап көруге бел будым. Егер өз деңгейінде кептіремін десеңіз екі жылдай уақыт кетеді. Соншама уақыт күтіп барып іске кіріссеңіз онда еңбегіңіз ақтала түспек. Бұл ағаштың бойында май болады. Одан арылмай домбырадан әуезді үн есту екіталай. Ал біз оны жұқа етіп тіліп алып, суға қайнатқан соң майын шығарып жатамыз. Домбыраға сүйек қосады. Ал оны ағарту үшін алты-жеті рет қайнату қажет. Сонда сода қосқанда сүйектің бойындағы майы алынып, жұмсара қалады. Дегенмен мұндай сәтте кейбір шеберлер сырын сыртқа шығарғылары келмейді, – дейді кейіпкеріміз.
Кейде тапсырыс берген домбыраның сапасына көңілі толмай, шеберді сынның астына алатын жандар кезігеді. Әрине, Жанарбек ағаның тарапына ондай пікір айтылмаған. Қайта, «Домбыра үнінің әуезді шығуы беткі тақтайына байланысты. Кемі бес-алты жыл кепкен тақтай болса онда домбыра да сәтті шығады» деуі шебердің жұртқа жасырары жоқ, ашықтығын байқатты. Қазір арнайы құралды пайдалана отырып, ток арқылы кептіретін орындар бар. Ұландық шебер тапсырыстарды күттірмес үшін тақтайды сол жерден алып, мейлінше уақтылы жасауға машықтанған. Өзінің сөзінше, бір жетіде 15 мыңдық төрт домбыра жасауға болады, ал қымбатын қолға алса, онда аптаға созылады. Тақтай таңдалған бойда станок арқылы тіліп, белгіленген өлшемге салады. Аспап әзір болған соң шертіп, шыққан дыбысына құлақ түреді. Шебердің ойлағанындай шықпаса, амал нешік, беткі тақтайын алып тастап, қайта жасауға кіріседі. Балаларға арналған домбыраны есепке алмағанда, өзегесінің барлығы бір өлшеммен дайындалады. Сонда әр өлшемін аңдап отырып әзірленген аспаптың бағасы қанша?
– Ең қымбат деген домбыра 100 мың теңгеге бағаланды. Сосын 60 мың, 35 мың және 15 мыңға сатылды, – деді жерлесіміз. – Әдетте домбыраларды жасап, сатуға әзірлеп қоямын. Қазір сәл де болса елге есіміз белгілі, – дейді шебер сәл жымиып. – Республиканың бірқатар түкпірінен іздеп келіп жатады. Сатып алушыларымыздың көпшілігі Зайсан өңірінен. Ел аумағында қандастарымыз да аз емес. Әлеуметтік желіде домбыра шертіп немесе жасап жатқан бейнежазбаларды көріп, сұраныс білдіріп жатады.
Елең еткізген екіжақты домбыра
Тағы бір айта кетерлігі, Жанарбек Қазезұлы өңір бойынша тұңғыш болып екіжақты домбыра жасаған шебер. Иә, екіжақты! Аударып күй тарта беруге болады. Ал ондай ой қайдан келді? Бала күнінде алғаш рет домбыра сатып алғанында көрші қария естіп, кейіпкерімізге «алып келші» деп өтінген. Ақсақалдың өзі де домбыра тартудан кенде емес-тұғын. Жанарбек ағаның домбырасын шерте отырып, екіжақты домбыра жайлы естігенін жеткізген. Соны құлағына құйып алған ол араға талай жыл салып, туындысын Шымқорада өмірге әкелді. Көпке таңсық аспаптың үні де құлақ құрышын қандырады. Бір қызығы, мұндай домбыра біз барғанға дейін сатылып кеткен екен. Жиі ести бермейтін аспапты суретке түсірудің сәті түспеді. Сатып алушы 75 мың теңгені жерлесімізге ұстатқан да айрықша аспаптың иесі болып шыға келді. Уақа етпес. Тәңірі қуат берсе, шымқоралық шебер екіжақты домбыраның әлі талайын жасар. Әңгіме барысында Жанарбек аға алғаш домбыра жасаған сәтін еске түсіргендей болды.
– Кемі он бес домбыра жасағанға дейін қиындау болады. Есебің дәл шықпайды, қателесесің. Өзімді әлі де толық қалыптасқан шебер деп айта алмаймын. Ұлттық аспап жасауда алдына жан салмайтындар Алматыда. Соларды ұстаз тұтамыз. Жалпы ел көлемінде 270-тей шебер бар болса, өңірде атакәсіппен айналысатын 7-8 адамбыз, – деді ол.
Шебердің қолы ортақ
Жанарынан төл аспапты ұлықтап, мәртебесін төске өрлетсем деген Жанарбек аға осыған дейін 300-дей домбыра жасаған екен. Өзінің айтуынша, мұны көп деп айта алмайды. Қолынан шыққан әр туындының сәтті шығуына сүбелі үлес қосып жүрген жары Әмина Құсманханды айта кеткен орынды болар. Жұбайы домбыра жасап шығарса, жары әшекейлеп, лак жағуды тап-тұйнақтай етіп отырады. «Әке көрген оқ жонар» деген тіркес осы отбасыға айтылғандай. Шебердің Есіл есімді ұлы да әкесіне қолғанат. Қазір он жаста. Өзі де бір домбыраның шетін шығаруда. Әкесінің айтуынша, енді беткі тақтайын орнату ғана қалды. Ұлы солақай болғандықтан ағаш шабу кезінде оқыс қимылдап қала ма деп алаңдап тұрады ата-анасы. Әкесі «бар білгенімді Есіліме үйретемін» дейді. «Шебердің қолы ортақ» демекші, Жанарбек аға жасаған домбыра ауылдастарының талайының төрінен орын алған. Дос-жаран, туысқан, көрші-қолаңдарына сыйға тартылғаны қаншама? Ұландық шебер қолға алған тірлігімен шектеліп қалмақ емес. Ертедегі бір аңыздардан үзінді келтіре отырып ірімшіктен жасалған ер-тоқым жайлы ғибратты әңгімесін ұсынды. Естуінше, ертедегі жаугершілік заманда талай ер ірімшіктен жасалған екен. Ендігі жоспары осыны қолға алу. Қазақтын жасырын жатқан құпиясы аз емес. Жаратушы медет берсе, бәлкім, ірімшіктен жасалған домбыраны көріп қалуымыз ғажап емес. Лайым, шебердің асқақ арманы орындалсын деп тілейік.
Әділхан ЕСІМХАНОВ