«Әл керек, айбар керек. Әлсіз айбар не керек» деп адамзат бойындағы қайсарлық мінезіне қарата айтылған нақылдың мақала кейіпкеріне қапысыз арналған ба дерсің. Осы уақытқа дейін айбар танытып-ақ келеді. Шынымен, «Тағдыр – Тәңір ісі» деп бекер айтпапты. Облыс аумағында тағдыр тәлкегін кешіп, ерік-жігерінің еректігінің арқасында сағын сындырмай, ғұмырдың асау ағысына тойтарыс бере алмай жүрген біршама жанға бағдар сілтеп келе жатқан жандар жетерлік. Осының бірі – Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны Ардақ Нұрмағамбетов. Өзінің өмір жолы да бұралаң. Бәрінен бұрын бұл азаматтың басқаға ұқсамайтын асқақ арманы тәнті етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ақмоладан – Ұланға
Жазушы Асқар Сүлейменов атамыздың «Үлкен арман сабырда жатады» дегені бар. Ардақ Нұрмағамбетовтың де үмітін ескек етіп келе жатқаны сабырдың шылбырын берік ұстағандығының көрінісі. Ғұмырдың жазмышымен арбаға таңылған Ардақ Алпысұлының спортты серік етіп келе жатқанына алты жылға таяған. Қандай спорт дерсіздер? Жерлесіміз үстел теннисінен ел құрамасының мүшесі. Ұландық спортшыға деген сенім де айрықша. Тыңғылықты жаттығуын үзбей келеді. Жүргізген әр әзірлігі жеңіспен тең. Ал тұғыр сатысына жайғасқан сәтінде еселі еңбегінің еленіп, мәртебесі аспандай түседі. Кейіпкеріміз Ақмола облысының тумасы. Ұлан өлкесіне 1990 жылдары қоныс аударған. «Неліктен көшіп келді? Не себеп болды?» деп ескінің аузын тырнауды құп көрмедік. Бастысы, бұл өлкеге келгелі өмір ағысы басқа арнада ағып, мұрат-мақсаты айқындала түскендей.
Күйбең тірлігімен жүрген кейіпкерімізді пауэрлифтинг білгірлері көшеден байқап, үлкен спортқа шақырған. Пауэрлифтинг саласындағылардың «Ардақ Нұрмағамбетовты қалайша үлкен тенниске шақырды?» деген заңды сауалдың туындары сөзсіз. Біздің пайымымызша, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб өкілдері мен бапкерлері бір терінің пұшпағын илеп, алдарына айқын мақсат қойған. Мейлі қандай диагноз болсын, өмір жолы қаншалықты күрмеле түссін, спорт деген өзгеше әлемнің қақпасын ашуға шақырады. Осылайша үлкен спортқа 2015 жылдан бастап ден қойып, содан бері өңір намысын елішілік бәсекелер, ел абыройын халықаралық, жаһандық жарыстарда қорғап келеді.
– Бастапқыда теннис шаригін ырқыма көндіре алмайтынмын. Шарикті лақтыру, оны ойынға қосу деген қиынның қияметі еді, – дейді жерлесіміз үстел теннисіне қалай келгеніне ой жүгіртіп. – Тым әлжуаз едім. Жарақат алмай тұрғанымда мектеп қабырғасында жүріп жиі ойнайтынмын. Шығыс өлкесінде алғаш жаттығуыма кіріскенімде Мұрат Мұхамадиевтің ықпалы айрықша болды. Сол кезде өңір көлемінде арбаға таңылғандар арасында алғаш болып үстел теннисімен айналыса бастаған едім.
Жазмыштың жазуы – жол апаты
Орда бұзар шақтағы азаматқа оң бағыт сілтеп, ауқымды аламандарға баптаған Мұрат Оразғалиұлы 2015 жылы Павлодар қаласында өткен паралимпиадада ұландық спортшының томағасын сыпырады. Дегенмен жүлде ала алмады. Дайындық шабан. Екі ай ішінде бабына еніп, жүлдеге жету мүмкін болмады. Барлық қызық пен маңызды сәттерге кезек біртіндеп келеді. Сенесіздер ме, алғашында екі ай әзірлік жүргізіп, еш нәтиже көрсете алмаған Ардақ аға екі жыл ішінде ҚР Спорт шебері атағын алады. Спортшы бұл жетістікке жетуіне бапкері Мұрат Мұхамадиевтің сүбелі үлес қосқандығын атап өтті. Алдымен Сағырда тұрып, сосын Қасым Қайсенов кентіне қоныс аударғанда күнделікті кешкісін білгенін үйретіп, сәт сайын бабына енуіне мұрындық болған жаттықтырушысы елішілік бәсекелерде ұдайы жүлдегер атанып, топжарарлық деңгейге жеткізген. Жетістіктерін тізбектеп өтудің әлі сәті түсер. Дегенмен сөз арасында Ардақ Алпысұлынан жазмыштың ауыр соққысы қалай тиіп, сын сағатта еңсе тіктеп үлгеруінің сыры неде екендігін сұрамасқа болмады. Себеп – жол апаты. Темір тұлпардың болғаны жақсы-ақ, дей тұрғанмен күні бүгінге дейін облысты былай қойып, бір ауданның өзінде қанша жан түрлі себептермен көлігі аударылып, қатты соқтығысу салдарынан бақилыққа аттанып жатады. Тәңірінің таңдауы Ардақ ағаға түсті ме, әлде сынағысы келді ме маңдайынан тері сорғалап аққан жаттығудың соңы бас көтертпес апатқа әкелерін ешкім де аңдамаған.
– 2005 жылдың мамыр айы еді. Ол кезде көкпар тартатынмын. Кезекті жаттығу ойдағыдай өтіп, қайтуға оқталып тұрған едік. Енді-енді бастап ұлттық спорт түрлерінен бақ сынауға бел шешкеніміз рас. Мамай батыр (бұрынғы Васильевка) ауылының жанында көлік тоқтатып отыра кеттік. Содан Сағыр ауылына жете бере көлігіміз трассадан шығып кетіп, жол апатына ұшырадық. 4-ші, 5-ші, 6-шы мойын омыртқаларым сынған екен. Екі ай бойы ауруханада жаттым, – деді жерлесіміз.
«Өмір-шіркін жалғасып келеді!»
Қас-қағым сәтте болған оқиға. Тасжолдың жиегіне аударылған сәтке дейін бірнеше секунд қана. Көтеріп келіп құлатқан өмірде жанынан табылған достары мен сыныптастары Ардақ ағаны бір сәтке де жалғызсыратпаған. Ойын сабақтай келе күні бүгінге дейін демеп келе жатқан ата-анасына алғысын жаудырды. Айтуынша, осындай жарақат алған жандар бір жамбасымен ұзақ уақыт жатып қалса сырқаттың күрт асқынуына себепші болады екен.
– Осындайда ата-анам сағат сайын екі жағыма аударып, жағдайды бақылауда ұстады. Алғашқы бес жылда мүлде отыра алмадым, басым айналатын. Содан барып қана еңсе тіктеуге мүмкіндік болды. Бір айтарым, жаным мұрнымның ұшына келіп, өне бойым сырқырай жөнелгенде де сағым сынбады. Өмірден баз кешкен емеспін. Ол жайлы ойыма да келмепті, – деген сөздерінен-ақ жерлесіміздің фәнидегі мақсат-мұратының айқын екенін аңғардық.
Иә, содан бері 15 жыл өтіпті. Ата-анасы дін-аман, жан жары Еркетаң Ерболатқызы ерін бір сәтке де жалғызсыратқан емес. Еркетаң апайдың өзі Шымқора топырағының тумасы. «Бұдан өзге не керек? Өмір сүр. Алла Тағала бар мүмкіндікті жасаған» деген ойы сүйегі аман, еті бүтін, он екі мүшесі сау талай жанды ойландырары анық. Ұландық спортшыға дәрігерлердің жазып берген қорытындысы – I топтағы мүгедек. 15 жыл бұрын бір сәт қаратүнек құрсауында қалған кейіпкеріміз қайғылы оқиғаға дейін бойында бұзақылықтың болғандығын жымия еске алды. Біз тағы таң-тамашамыз. Болған оқиғаға бір сәт ой жүгірте отырып, соңында өмірінің қилы сәттерін езу тарта еске алуы шынымен де ерік-жігерінің еректігін байқатты. Оған келіспеске лаж жоқ. Отбасы жанында, спортпен мақсатты түрде шұғылданып келеді, еліміздің қай қаласына барса да құрақ ұшып қарсы алар достары бар. Ал атұстары Ерасыл мен қылықты қызы Дильназ өмірге деген құштарлығын одан әрі оята түскен.
– Негізі аймақ көлемінде тірек-қимыл аппараты зақымдалған жандар аз емес, – деп сөзін жалғай түсті жерлесіміз. – Оның ішінде арбаға таңылғандары көбіне үйлерінен шықпайды. Соларға айтарым, төрт қабырғаға телміріп, бей берекет ғұмыр өткізгенше, аулаға шығып, бой сергітіңіздер. Жарақат алғандарыңызбен өмір-шіркін жалғасып келеді! Рухыңызды түсірмей, көңіліңіз қалаған бір істі қолға алып әрекет етіңіздер дегім келеді.
Қимыл-қозғалыссыз қалу қауіпті
Қоғамнан шет қалып, бұға берген жандар расымен де өздерін тұңғиықтың тереңіне батырып жібереді. Бұл ойымыз Ардақ Нұрмағамбетовтың пікірімен үндес. Сөзінше, өзінен кіші қаншама жас тағдыр тәлкегімен мүмкіндігі шектеліп, арбаға таңылғанда алдағы өмірін құдды бір қайғы патшалығына тұтқынға түскендей елестеткен. Ешбір қимыл-қозғалыссыз жатқандары арада 5-6 жыл өткенде келместің кемесіне мініп кете берген. Ал кейіпкеріміз 4-5 жыл ішінде небір мехнатты көрді. Еңсе көтеріп отыра бергенде кенет талып қалады. Анасы Баян апай ес жиғызған соң аз уақыт өткенде қайта талықсиды. Тіпті бастапқыда Сағыр ауылында тұрып жатқанда достарымен қалаға бара жатқанда алдын ала ескертіп қояды: «Жігіттер, қазір талып қалсам еш үрейленбеңдер. Ары кетсе Мамай батыр ауылына жетпей қайта ес жинаймын» дейді. Біртіндеп жақындарының құлағы бұған да үйренді. Сосын досының қалай есін жоғалта бастайтындығына зер салып, жарты жолға жеткенде жағдайдың түзелгенін көрген. Осылай үнемі қайталанып отырды. Не дегенмен жұлын қысылып, бойға қан бармай қалса өң мен түстің арасында есін жоғалтады.
Жаңа белес – жаһандық аламан
«Уақыт – емші» деген. Қуанышқа қарай қазір Ардақ ағаның жағдайы оңалған. Барған сайысынан жүлдесіз қайтқан емес. 2015 жылдың жазында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб мүшесі атанып, дүбірлі додаларда өз мүмкіндігін паш етуге жол ашылды. Ол кезде клуб тізгінін Ольга Кузовлева ұстап тұрған еді. Клуб мүшелерінің алдында жаңа міндеттер мен мақсаттар тұрды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қай-қайсысы болсын аянып қалмады. Солардың ішінде Ардақ Алпысұлы да бар. Алғашында інісі, бүгінде жақын адамдарының біріне айналған Саят Жексембаев екеуі Дзержинский көшесіндегі темір теннис үстелінде, далада жаттығу жасап жүрді. Ойын сеткасы жоқ, орнына кірпіштерді тізіп қойып жаңбыр мен ұйтқи соққан желге қарамастан әзірлік жүргізген. Айналып келгенде кейіпкеріміз жігерлілік пен сабырлы мінез таныта білген. 2017 жылы Атырау қаласында өткен республикалық Спартакиада мен ҚР кубогінде топ жарды, 2018 жылы Петропавлда ел чемпионаты өтіп, жекелей есепте екінші, командалық сында үздік шықты. Араға жыл салып Ақтөбеде республикалық паралимпиада жалауын көтеріп, дайындықтың аздығынан күміс жүлдені місе тұтты. «Себеп неде?» десеңіздер, сол сайыстың алдында ғана ұландық теннисші Мысыр елінде өткен халықаралық додадан оралған. 25 мемлекеттің үздіктері шеберлік байқасқан бәсекеде жүлдеге сынық сүйем жетпей, төртінші орынмен шектелді. Қарағандыдағы ашық турнирде 2016 жылдан бері тұғырдың ең биігінен көрініп келеді. Осы ретте жерлесіміз бірқатар маңызды додаларда бақ сынауға қолдау білдіріп, қаржылық демеу көрсеткен аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановқа алғысын жеткізді. «Ел сенімін ер ақтар» деген де дөп айтылған. Ауылдастары мен аудан басшысының сенімін, спорттық клуб артқан үмітті ақтауға белді бекем буған спортшы алдағы жаһандық паралимпиадада ел намысын қорғауды арман етеді. Әу баста асқақ арманы деп осыны меңзедік. Несі бар, небәрі бір жыл қалды. Шын мықтылармен шеберлік байқасқан шығысқазақстандық теннисші шыңнан көрініп жатса талай жерлесі бөркін аспанға атқан болар еді! Сабыр суы сарқылмасын. Арқа сүйер әкесі Дулат аға мен мейірімді анасы Баян апай, жары Еркетаң және қос құлыны Дильназ бен Ерасылдың тілеулестігі қанаттандырары, құлшыныс пен жігер беретіні сөзсіз. Тәңірі жар болсын дейміз біз де.
Әділхан ЕСІМХАНОВ