Бір жылдары бокстан «Astana Arlans» клубының екпіні қатты, спортшыларының жұдырықтары гүрзі, қарсы алдында қасқайып тұрған кез келген спортшыны ықтыратындай арыны болғандығы белгілі. Сол командадан ойып тұрып орын алған шығысқазақстандық боксшылар да жоқ емес-тін. Алайда оларды сол жойқын соққы иесі атанып, азуын айға білеген былғары қолғап шеберлеріне лайықты қарсылас атандыра білген кім? Бұл мақалада аталған бокс клубына мүше болған жерлестеріміз емес, ел көлемінде Шығыс өңірінде бокс мектебінің өзіндік қолтаңбаға ие екендігін көрсеткен бірегей бапкер жайлы айтылмақ. Ұлан ауданының бұрынғы Төлеке ауылының тумасы, бокстан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Жакуповпен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауылдағы алғашқы жекпе-жектер
Былайша айтқанда жарты ғасырға жуық ғұмырын боксқа арнаған жан. Нақты айтқанда 49 жыл. Ғани Қабышұлы сол аралықты қалай жүріп өтті? Бір есептен қанша жыл болса да сол мерзімде өзгеге ұқсамайтын дара жолды қалыптастыра білу қай бапкер үшін болса да мәртебе. Жерлесіміз сол мәртебеге жетті ме? Әңгіме-дүкен барысында соған жауап іздеп көрдік. Қазірде Өскемен ауылдық округіне қарасты Төлеке аталатын шағын ауылда өмірге келген Ғани Қабышұлының боксқа келуі өзінше қызық. Жиен ағасы Пакс Оразғалиев былғары қолғаптың жоқтығына қарай бастапқыда жүннен тоқылған биялаймен балалар арасында жекпе-жектер ұйымдастырып, талайының қызығушылығын оятқан. Жалпы бокс спорты қадым уақыттан бері қазақ жастарының қанына сінгенін ескерсек, Ғани Қабышұлы бастаған балалар сол кездері жүн биялайдың сыртын шылғаумен орап, өзара кім мықтыны анықтаған. Кейіпкеріміздің бокс әлеміне жасаған жарқын қадамы осы жерден басталса керек. Шаңырақтағы жеті баланың ішінде былғары қолғап бәсекесіне аңсары ауып, шәкірт тәрбиелеуге кіріскен шын ниеті кейін шыңдарға шығармай қоймады. Десе де бұл туралы сәл кейінірек. Бастысы, бойында бір басына жетерлік дарыны бар Ғани аға жиенінен тәлім алып, енді осы саланың бір шетінде жүрерін мықтап жадына сақтады.
Ғани Жакупов шәкірттері Мирас Жакупов және Мирас Байырхановпен
«Оны спарринг деп айтады»
Төлеке ауылынан Өскеменге атбасын бұрып, дарынды балаларға арналған Жамбыл мектеп-гимназиясында оқиды. Өзінің айтуынша, 4-5 сынып оқитын кезі. Білімге де, спортқа да алып-ұшып тұрған кезі. Оған қоса, әкесі Қабыш ақсақал есепке жүйрік, жоғары білімі бар азамат еді. Ортаазиялық мемлекеттік университеттің физика-математика факультетін тәмамдап, ұстаздық жолдан жауапты хатшы қызметіне дейін атқарған. «Әке көрген – оқ жонар» деген тіркес те қапысыз айтылған, Ғани аға жастайынан алғыр, пысық-ширақ болып өсті. Интернат қабырғасында оқып жүргенде жаттығуды бір сәтке де үзбей, қай жарыс болсын тас-түйін әзір жүруді жөн көрді. Алғашқы бапкері Виктор Мазурдың айтқанын екі етпеді. Енді сәл алға жылжып, бапкерлік жолында болған үзіндіні мысал етейік.
– Қалалық біріншілік өткенде ешкімнің меселін қайтармай, отыз-қырығын бір-ақ апаратынбыз. Нәтиже де жаман болмайтын. Ол балалардың көбі спарринг дегенді білмеуші еді. Маған қарап: «Аға, Спорт сарайына барып қарсыластарды қашан сабаймыз?» деп сұрайтын (ағамыз жымия түсті). Ақыры, «жоқ, олай демеңдер, оны спарринг деп айтады» деп кеңесімді беретінмін, – дейді бапкер.
Төрешілік сәтінен
Зауыттар арасындағы аламан
Жастайынан шаршы алаңдағы шалт қимылымен жұрт жадында жақсы сақталған Ғани Қабышұлы қашан да бабында еді. Сөйтіп 1975 жылы «Машзавод» директоры Леонид Парфенов шақырып, түсті металдар зауыттары арасындағы КСРО чемпионатына қатысуға қолқа салады.
– «Әзірлік жүргізуге алты ай уақыт беремін» деді ол кісі. Сонда Владимир Федоровский деген жаттықтырушы болды. Басқа бапкерлерге сенім арта алмадым. Сонда Владимир Владимировичке қарап: «У меня к вам единственная просьба, подготовьте меня» дедім. Төрт айдан кейін сайыстың басталатындығы туралы жеделхат келіп, артынып-тартынып Украинаның Львов шаһарына жол тарттым, – деді ол.
Төлеке ауылының тумасы бабында еді. Алғашқы қарсыласын ұпай санымен, кейінгісін шаршы алаңның төрт бұрышына тықсырып жүріп ұтса, тағы бірі ауыр соққыдан кейін нокдаунға түседі. Финалға жолдама алды. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзін суға жүзген балықтай сезінетін. Шешуші сында Батыс Украинаның спортшысымен жолықты. Айтуынша, ол да бокстан қара жаяу емес екен. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Хош. Жекпе-жек басталды. Ғани ағаның оң жамбасына келетін жойқын соққылары бар-тұғын. Алдымен аңдысын аңдып жүрді. Арада көп уақыт өтпеді. Иә, сәт! Шаршы алаң иесі құлаштап ұрғанда жерлесіміз өткізіп жіберіп, жойқын соққысын дарытты. Реферий кездесуді тоқтатты. Мұрны сынған екен. Қан саулап ағуда. Төрешілердің бірқатары: «Жә, осымен болды, тоқтаусыз аққан қаннан гөрі мүмкіндігі нашарлап кетті» деп байбалам салды.
– Сонда кавказдықтардың бізге жанкүйер екендерін аңғардым. Ұлты армян ба, әзірбайжан ба, мән беріп қарай алмадым: «Ты что, он попал чисто!» деп айқай-сүреңге басты. Сосын аз-кем кеңесіп, төрешілер қарсыласыма жекпе-жекті жалғастыртпады. Ринг төрешісі менің қолымды көтеріп, сол сайыста оза шаптым, – деді жерлесіміз жымия түсіп.
Жойқын жұдырық иелері
Дүбірлі додадан зауыт туын төмен жықпай, керісінше, асқақтатып қайтқан боксшыға дән риза Леонид Парфенов парткомды шақырып алып: «Мен оған уәде бердім, енді жаттықтырушы болады» деп, сөзін қысқа қайырған. Ғани ағаның бапкерлік жолы осылай басталды. Тәжірибелі бапкер 1978-79 жылдары Жамбыл мектеп-интернатында боксшылар даярлауға мүмкіндік берген директоры Уәлиахмет Байділдиновтың қолдауын атап өтті. Кейін оны кәсіподақтың аға бапкері қызметіне де шақырды. Алайда Ғани Қабышұлы бас тартты. Неге? Мұның себебі әріде жатыр. Бұл жұмысқа кіріскен жаттықтырушының өз шәкірттері тасада қалып жатады. Басқа бапкерлердің тәрбиеленушілері ірі сайыстарға шықса, қоластындағы боксшылар жұлдызды сәтін күтумен жүреді. Оқу-жаттығу кезінде де жүлде алады-ау деген спортшылармен жекелей жұмыс істеу мүмкін болмайды. Ал жалпылай баптаған кезде шын шеберге тұсау салынғандай, таланттардың томағасы сыпырылмай қалады. Сол таланттар кімдер? Жалпы Ғани ағаның шәкірттерін ел көлемінде нокаутшы ретінде мойындайды. Әрине, барлығын сілтеген соққысынан сұлатып түсіреді демейміз. Кейбірі қолды-аяққа тұрмай, көз ілеспес қимылдарымен қарсыластарын жаңылдыратын. Ауыр соққы дегенде Мирас Жакупов пен Мирас Байырхановты айтпасқа болмас.
Естен тандырар соққы иелері осы жігіттер. Әу баста айтқан «Astana Arlans» клубы сапында ел мерейін асқақтатқан сәттерін бірі білсе, бірі білмес. Мәселен Мирас Жакупов кубалықтармен өткен финалдық кездесуде 52 келіде үнемі алғашқы ұпайды қоржынға салатын. Мирас Байырханов та осы дәстүрден жаңылмады. Бұл кәсіпқой бокс еді. Ал әуесқойлар арасында Ғани ағаның тәлімін көрген егіздер Александр (54 келі) және Вячеслав (57 келі) Пономарев, Қайрат Байғалиев (60 келі) сынды өрендер ел чемпионатында ешкімге есесін жібермеді. Соның ішінде Вячеслав 1986 жылы Пенза қаласында өткен КСРО чемпионатында күміс медаль иеленіп, айды аспанға шығарды. Оған дейін Тараз қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында оқыс жағдай орын алып, Вячеславтың аяғында ет сүйектен ыдырап кеткен болатын. Десе де бапкерлер ауқымды аламанда бақ сынауға рұқсаттарын береді. Пенза шаршы алаңында аяғындағы ауыр жарақатына қарамастан, шешуші сынға дейін жетіп, финалда Шабуров деген тәжік спортшысына есе жібереді. Ғани ағаның айтуынша, «Славаның» ерік-жігері мықты болған. Тарқатып сұрасақ, білікті бапкер КСРО деңгейінде өткен додадада жүлдегер дайындаған тұңғыш шығысқазақстандық жаттықтырушы екен. Одан бөлек, 81 келі салмақтағы Вячеслав Подкорытов, 60 келіде Руслан Гусев, 56 келіде Азамат Жансарбаев, сондай-ақ 63,5 келіде өзінің немере інісі Ержан Жакуповтың айдарынан жел ескендігі жасырын емес. Тағы бір айта кетерлігі, білікті бапкердің жаттығу кезінде ұстанатын темірдей тәртібі. «Тяжело в ученний, легко в бою» деген орыс нақылы осындайда айтылса керек. Оның спортшы баптаудағы жүктемесіне екінің бірі шыдай бермейтін. «Мен жаттығуда шәкіртімді аясам, ертең қарсыласы шаршы алаңда оны аямайды» дейді. Қатігездік емес бұл, тек ащы тер арқылы келетін тәтті жеңіс жайлы суыртпақтап сыр шерткені. Тағы бір сұрақ туындайды. Ғани Қабышұлы шәкірттерін нокаутшылар деңгейіне қалай жеткізді? Әріге барудың қажеті жоқ. Жаттығу барысында ауыр гантельдерді жиі қолданып, соққы жұмсау кезінде соның әсері сезілетіндей жүктемені күшейте түсетін. Осыны әдетке айналдырған шәкірттері шаршы алаңда әр соққысын екшеп, орнымен жұмсаудың арқасында нокаутка түсіргендері рас.
Александр, Вячеслав Пономаревтар бапкері Ғани ағамен
Қоғамдық көліктегі кикілжің
Қымқуыт өмірде небір бұралаңдар болады. Бапкер басынан өткен бір-екі жағдайды мысал етейік. Отыздың бесеуін аралаған кезі. Елордада автобуспен келе жатыр. Кезекті аялдамадан түсейін деп баласын жетектеген бір әйел тұрды. Олардың алдын көлегейлеп, екі жігіт жол берер емес. «Аялдамадан түскелі тұр, өткізіп жіберейік, жігіттер» дегені сол-ақ екен олар да: «Сен кімсің?» деп дүрсе қоя бергені. Ғани аға сөзбұйдаға салмай дөрекілік танытқандарды сол жерде сұлатып түсіреді. Сөйтсе ол жігіттер оған дейін елдің мазасын алып, тыныштық бермеген көрінеді. Оны автобустан түсіп бара жатқан жерлесімізге қоғамдық көліктің шопыры айтқан екен. Туған жеріне келіп, той-томалақтарға барғанда да тәжірибелі бапкердің сөзін екі етпейтіндер табылатын.
– Ертеректе үйде той болған соң жастар міндетті түрде төбелес болатын. Сонда бара қалсам жеңгелеріміз мен үлкен кісілер «Ооо Ғани келді, енді той төбелессіз өтеді» дейтін. Негізі, өзі сұранып бәле іздейтіндер қаны сұйық нашар жігіттер тегінде. Мен ондайларды аса ұната бермеймін, – деді жерлесіміз.
Әрнені бір шолып, Ғани ағамыздың жаттықтырушы ретінде жүріп өткен жолына аз-кем үңілгендей болдық. Біздің тұрғыда бапкерліктің жілігін шағып, майын ішкен кейіпкеріміз жасы жетпістен асса да болашақ чемпиондарды дайындауға әлі де қауқарлы. Отбасының тірегі, арыстай екі ұлдың әкесі өңірлік бокстың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жан. Еңбегі еленіп «Қазақстан боксының ардагері», «Қазақ спортының маманы» төсбелгілерін иеленді. Сөз соңында ағалық ақылын айтқан Ғани Қабышұлына әлі де сергектік пен күш-қуат тіледік.
Әділхан ЕСІМХАНОВ