Қол күресінен әлемдік аламандарда жарқын өнерімен жұрт есінде қалып жүрген жерлесіміз, ұландық Ораз Басаров рейтингідегі жағдайын біршама жақсартып алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халықаралық қол күрес сайты дерегінше, түрлі додаларда жинаған ұпайы ескеріліп, жерлесіміз кіл мықтылар арасында 9-шы орынға жайғасқан. Ұлан ауданы Привольное ауылының тумасы Ораз Басаров оң қолымен 55 келі салмақта жастар арасында да, ересектер сапында да сойқан салып өз мықтылығын дәлелдеген өрен. Осы күнге дейін жеті мәрте Әлем чемпионатында топ жарып, еліміздің көк байрағын көтерді. Мәлім болғандай, білікті бапкер Ерлан Уалиевтің қоластында жаттығатын спортшы сол қол бойынша 55 келі салмақ дәрежесінде үздік ондықтан орын алған.
Айта кетейік, ұландықтардан Ораздан басқа Деши Дурсаева мен Владислав Губушкин де ірі додаларда сәтті өнер көрсетіп келеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ