Ұлан ауданының армрестлинг шеберлері Румынияда өткен байрақты бәсекеде алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ұлан ауданының спортшылары Ораз Басаров пен Деши Дурсаева армрестлинг бойынша Әлем чемпионы атанды. 26 қазаннан бастап Румыниядағы Констанца қаласында өтіп жатқан 41-ші Әлем чемпионатында олар алтын медальды жеңіп алды. Спортшыларымызды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта табыс пен биік жетістіктер тілейміз!» деп жазды Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің Фейсбук парақшасында.
Алтын жүлдені қанжығаларына байлаған екі спортшы да бұған дейін әлемдік додаларда топ жарып жүр.
Айта кетейік, үздік спортшылар мықты атану үшін жиналған жаһандық жарыс 26 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін жалғаспақ.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ