Ұландық паралимпиадашы облыс әкімінің алдында инватакси мәселесін көтерді

6593
көрілім

Облыс намысын республикалық, әлемдік жарыстарда абыроймен қорғап жүрген Ардақ Нұрмағамбетовтің сөзінше, сатып аламыз деген уәде жылда беріліп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сағыр ауылының тумасы аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватакси тапшылығы қиындық келтіретінін жеткізді. “Өзім пара тенниспен айналысамын. Уәделер жылда беріледі, бірақ орындалмайды”, - деді спортшы.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, бұл мәселені шешу үшін 29 млн теңге тұратын инватакси сатып алуға өтінім берілді.

“Ұлан бойынша мүгедектігі бар адамдар саны - 1478. Оның ішінде 174-і 1-топтағы, 103-і кәмелетке толмағандар. Осы 103 баланы облыс орталығы аралығында тасымалдау қиындап барады. Себебі, ауруханалар мен оңалту орталықтарына барып, жиі ем-дом қабылдайтындары бар, көп уақыт жоғалтады. Осы себепті, тиісті бюджеттік өтінім жіберілді. Оң нәтиже шығып, қаражат бөлінсе, инватакси Ұлан ауданына бөлінеді”, - деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде өңір әкімі Ермек Көшербаев мүгедек жандардың қоғамнан шет қалмауы үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылуы тиіс екендігін жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ