Өнерімен жұртты таңқалдырып, өзгеше домбыра жасап жүрген Ұлан ауданы, Шымқора ауылының тұрғыны, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жанарбек Қазезұлын Ұлан ауданында ғана емес, облыс көлемінде ұлттық аспап жасаудың хас шебері ретінде таниды. Екіжақты домбыра жасау өнері әкесі мен атасынан дарып, енді соны ұлдарына үйретуде. Айтуынша, кәдімгі домбырадан гөрі үні де ерек, құлақ құрышын қандырарлықтай күмбірлеп шығады.
– Жасап жүрген домбыраларым әртүрлі. Кәсіби күйшілерден бөлек, әуесқойлар мен балаларға арналған түрлері бар. Жастар домбыра тартуды үйреніп, ұлттық құндылықтарымызды барынша сақтаса деймін. Ел-жұрт еңбегімді бағалап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Түрлі көрмелерге қатысып тұрамын, – дейді ол.
Бұдан бөлек, шымқоралық шебер осындай домбыра жасау үшін кемі бір аптаға жуық не одан да көп уақыт кететінін жеткізді. Жасалу үлгісі күрделі болғандықтан жанына қолғабыс ететін бір адам керегі-ақ. Сондықтан көмек керек кезде жеті жасар ұлы Есілге айтып, тамаша туындыны бірлесіп дайындайды. Есіл әкесінің жұмысын сырттай бақылап, қазірден-ақ домбыра жасау әдісін меңгеруге бел буғандай. Еңбекқор әкесі мүмкіндігінше қолынан шыққан қазақтың ұлттық аспабын достары мен көрші-қолаңға да сыйға тартып үлгерген.
– Таланты бір басына жетеді. Домбыра да сыйға тартты, көмек керек кезде де үнемі жанымнан табылады. Көрші дегенің Жанарбектей-ақ болсын. Қолынан келмейтіні жоқ, – дейді шымқоралық Дәулетхан Исламхан.