Ұландықтар алғаш рет жауынгерлік самбодан сайысқа түсті

1248
көрілім

Өскеменде 5518 әскери бөлімі базасында «Самбо»​ күресі бойынша Ұлттық ұланның​ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы біріншілігіне арналған жеке жарыстар өтті.
 Сайыста​ Өскемен, Семей, Курчатов, Павлодар қалаларынан келген 50-ге жуық спорташылар 71 кг салмақта ​ ​жауынгерлік самбодан, 58,64,71,79,88,95 келіде спорттық самбодан шеберлік байқасты.
​ - Ұландықтар​ өз әскери бөлімдерінің намысын қорғау үшін бастарын бәйгеге тігуден тартынған жоқ. Әрқайсысы жарыс барысында шыдамдылық пен жеңіске деген ынта-жігерін барынша көрсетуге тырысты. Сонымен қатар​ қорғану мен шабуылдау барысында үздік техника мен жоғары шеберліктерін көрсетіп,​ қоян-қолтық ұрыста​ шапшаң​ шешім қабылдай​ білетіндіктерін көрсетті, - дейді ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.


​ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ​ командалық біріншілігінің қорытындысы бойынша орындар келесідей бөлінді:
​ ​Бас жүлдені Курчатов ​қаласынан келген 3514  әскери бөлімінің құрама командасы қанжығасына байласа, жүлделі екінші орынды Өскемен қаласының 5518 ​ әскери бөлімінің құрама командасы еншілеп, үшінші орынды Семейлік 5511 әскери бөлімінің құрама командасы місе тұтты. Командалық біріншілікте жүлделі орын алған командалар кубоктармен және грамоталармен марапатталды.
Түрлі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған чемпиондарды «Самбо» күресінің КСРО спорт шебері,самбо спортының ардагері Рамазанов Рымбек Мұратұлы мен ​«Динамо» ДШСҚ ШҚО бөлім бастығы​ Сергей Иманқұлов марапаттады.
​Сайыс қорытындысы бойынша​ жасақталған​ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының​ құрама командасы 3-6 маусым аралығында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының чемпионатында бақ сынайтын болады. ​

Бағдат Амангелді,
«Шығыс»​ өңірлік қолбасшылығының
баспасөз​ қызметі бастығы