Ұландықтар Мамай батыр ауылында жаңадан ашылатын балабақшаның орналасқан жері талапқа сай еместігін айтуда

1023
көрілім
Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылында М.Ломоносов атындағы орта мектеп бар. Сол мектептің жанында 2009 жылдан бері жұмыс істеп тұрған шағын орталықтың бір тобы жабылып, оның орнына басқа жерден жаңа балабақша ашылмақшы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол балабақшаның жаңа ғимараты заңмен бекітілген талаптарға мүлдем сай емес. Орталық жолдың бойындағы сол ғимараттың маңында тойхана мен арақ-шарап сататын дүкен тұрса, іргесінде қоқыс үйіндісі жатқан көрінеді. Ал Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов балабақша ашылатын ғимараттың орналасқан жері қолайлы және кең аумақты екендігін алға тартты, деп  хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Алды — жол, арты — қоқыс»

Балаларымызды М.Ломоносов атындағы орта мектептің жанынан құрылған шағын орталыққа беретінбіз, – дейді ауыл тұрғыны Қадылбек Аязбаев (аты-жөні өзгертілген), – Енді шағын орталықтың бір тобы жабылып, оның орнына жаңа балабақша ашылатынын естідік. Ал сол жаңа ғимараттың орналасқан жерін білгенде жағамызды ұстадық! Көзіміздің қарашығындай қастерлейтін бүлдіршіндеріміздің арақ-шарап сатылатын дүкенмен, сондай-ақ әрқашанда у-шу болып жататын тойханамен бір мекемеде орналасуы қаншалықты дұрыс болмақ?! Оның үстіне ауылымызда екі балабақша бар (1-і жеке меншік, 1-і шағын орталық), үшіншісінің қажеттілігі жоқ деп есептейміз. Ал мектептегі шағын орталық ата-аналарға өте қолайлы. Балалардың қауіпсіздігі барынша сақталған сол орынды сақтап қалып, ары қарай мүмкіндігінше дамытқан жөн. Ал тиісті талаптарға мүлдем сай келмейтін балабақшаның бізге қажеті қанша?

Тұрғындар өз наразылықтарын қағаз бетіне түсіріп, 15 адам қол қойған өтінішті аудан әкімінің атына жолдады. Алайда олардың айтуынша, бұл шара ешқандай нәтиже бермеген.

Ашылатын жаңа балабақша үйі кезінде сауда дүкені болған. Қыс кезінде сол дүкенге келгенде сатушының қолғап киіп тоңып отыратындығын көретінбіз. Ішінде су құбыры да тартылмаған. Сонымен қатар, орталық жолдың бойында орналасқан сол ғимараттың алдынан көлік көп жүреді. Ал ауылды жерлерде жүргізушілердің көлік құралын қалай басқаратындығын өздеріңіз де білесіздер. Айналасында не бір тал жоқ, сырт жағында қоқыс үйіліп жатыр. Ол жерге бүлдіршіндерімізді қалай жібереміз?! дейді Нәзипа Тұрсынханова (аты-жөні өзгертілген).

Заң аясында ашылады

Қазіргі уақытта Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылында 1926 тұрғын бар. Сол ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің жанынан құрылған мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық осыдан 8 жыл бұрын іске қосылыпты. Ұлан аудандық білім бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында бұл шағын орталықта толық күнді 1 топта – 3-5 жас аралығындағы 25 бала, 3 сағаттық 1 топта – 3-5 жас аралығындағы 10 бүлдіршін тәлім алған. Ата-ана төлемақысының құны толық күнді топта 7100 теңге болса, ал 3 сағаттық топта тегін түрде жүргізіледі.

ШҚО ТҚҚ Департаментінің Ұлан аудандық ТҚҚ басқармасы аймақтық мемлекеттік мекемесінің Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымы негізінде, М.Ломоносов атындағы орта мектеп директоры жазған қызметтік хатқа орай, 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шағын орталықтағы балабақша кестесімен жұмыс атқаратын 25 балаға арналған 1 топ жабылады. Ал 3 сағаттық уақытпен жұмыс істейтін 1 топ өз қызметін ары қарай жалғастырады, – дейді Ұлан ауданы Білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.

Жаңадан ашылатын балабақшаның ғимараты 1978 жылы салыныпты. Бүгінгі таңда сол ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Бұлбұлқұс» дүкенінің қасында орналасқан ғимараттың орналасқан жері балабақша ашуға қолайлы, аумағы кең. Ойын алаңы толығымен қоршалатын болады. Су құбыры да тартылады. Балабақша мекемесі болғаннан кейін міндетті түрде ҚР заңнамаларына сай, ШҚО ТҚҚ Департаменті Ұлан аудандық ТҚҚ басқармасының қорытындысы негізінде ашылады. Шағын орталық толық жабылмайтындықтан ата-аталармен жиналыс өткізіледі. Мектеп жасына дейінгі балаларын балабақшаға немесе шағын орталыққа жіберулері туралы пікірлері тыңдалады, – дейді Қуат Барысұлы.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ