Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылының тұрғындары кіре берістегі шұрық тесік көпірдің жыларман күйіне шағымданды. Ал Ұлан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге биылғы жылы қаражат қарастырылмаса да, Аблакет ауылдық округі әкімдігімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мамай батыр ауылының тұрғыны Дарын Қабылбеков (аты-жөні өзгертілген) аты аталған елді мекендегі ағаш көпірдің қазіргі күйін сынға алды. Оның айтуынша, айналасында жол белгілері орнатылмаған кішкентай көпірден ауыр жүк көліктері өтіп жүр.
– Ауылдың кіре берісінде орналасқан көпірден заңсыз өткен ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне бірнеше рет арыз түсіріп жауапқа тарттық. Алайда кейбіреулер өздерінің бұл заңбұзушылықтарын жасауды доғарар емес. Оның үстіне көпірге арнайы жол белгісі орнатылмаған. Белгілі бір салмақтағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салатын жол белгісі неге қойылмаған мұнда? Тұрғындарды мазалаған бұл мәселені айтып жергілікті әкімдіктің есігін де қаққан болатынбыз. Оларға көпірді ағаштан емес бетоннан құюға ұсыныс жасадық. Әкімдіктегілер «бір аптадан кейін тиісті шараларды қолға аламыз» деген желеумен шығарып салған болатын. Бірақ бөз орнына сөз беріп, ешқандай жұмыс атқармаған олар сөздерінде тұрмады. Бұл шұрық тесік шегесі шыққан көпірден адамдар қалаға жұмысқа баруға мәжбүр. Айта-айта сөзіміз жауыр болған ұзындығы 24 метр, көлденеңі 3 метрді құрайтын жалғыз көпірдің жөнделер күні қашан?! Барлығының жауабын білгісі келетін сауалы осы, – дейді Дарын Қабылбеков.
Биыл да күрделі жөндеуден өтпейді
Мамай батыр ауылындағы көпір сонау 1956 жылы салынған екен. Көпірге соңғы рет ағымды жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізіліпті.
– Қазіргі уақытта көпір қанағаттанарлықсыз жағдайда және күрделі жөндеуді қажет етеді. 2017 жылы күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылмаған. Сол себепті биыл Аблакет ауылдық округі әкімдігімен көпірге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Расул Манапов.
Жалпы, Мамай батыр ауылында 2016 жылы республикалық қаражат есебінен 15,0 млн.теңгеге ауылға кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал биылғы жылы ауыл бойынша жолдарды жөндеуге қаражат бөлінбеген екен. Сонымен қатар, Расул Манаповтың хабарлауынша, осы жылы Мамай батыр ауылында су құбырлары жүйесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгендіктен, көшелерге абаттандыру жүргізу тиімсіз болып отыр.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ