Ұландықтар «Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысты

239
көрілім

Шара аясында Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылдық округі аумағында 1000-нан астам қап қоқыс жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Qazaqstan» республикалық  жалпыұлттық акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Көктем келісімен барша отандасымыз ерекше ынта-ықыласымен кірісті. «Таза Qazaqstan»  акциясы тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар шараға айналуда.
Осы ретте елді мекендер мен көрікті жерлерді қоқыстан тазалау жұмыстары бүгін өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында  ұйымшылдықпен өтуде.


- «Таза бейсенбі» жобасының мақсаты айналаны таза ұстап, қоршаған орта мен табиғатты аялауға, өскелең ұрпақты туған жеріне құрметпен қарауға шақыруға бағытталған. Бүгінгі шараға, тек Ұлан ауданының Таврия ауылында, 150-ден астам адам қатысып отыр», - деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Ауылдық округ аумағында 1000-нан астам қап қоқыс жиналды.


Шараға партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері, депутаттар, бастауыш партиялық ұйымдардың мүшелері, облыстық және аудандық партия филиалдарының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
- Ауыл маңайын тазалауда мен де өз үлесімді қосудамын. Тазалықты әр адам өзінен бастауы қажет деп санаймын. Еліміздің кез-келген жерінің табиғаты әсем, сол әсем табиғатты қорғау біздің азаматтық борышымыз. Осындай игі шаралар мен экологиялық акциялардың апта сайын ұйымдастырылатыны халық арасында үлкен қолдауға ие болады деп есептеймін, - дейді  Таврия ауылдық округінің тұрғыны Оқан Жарқын.