«Домбыраларымның көбін туған-туысқандарыма сыйға тартқан болатынмын. Бүгінге дейін 3500-ден аса аспап жасап шығардық» деді кейіпкеріміз әңгіме барысында. Айтқан сөзінен, нұрлы жүзінен ұлттық құндылықты дәріптеуге бейім сырбаз азамат екені бірден аңғарылды. Бақыт Кеңшілікұлы тілші қауымына бұған дейін сүбелі сұхбат беріп, қолөнер бағытында жүріп өткен жолынан тұщымды мәлімет ұсынған еді. Ұлттық домбыра күні қарсаңында редакция тілшісі де онымен байланысқа шығып, суыртпақтап сыр тартып көрді.
Кейіпкеріміз 1984 жылы Баян-Өлгейдің 10 жылдық орта мектебін тәмамдаған. 1989 жылы Ресейдің техникалық институтын «Технолог» мамандығы бойынша аяқтады. Ал 1990-1992 жылдар аралығында Ұлан-Батор қаласындағы Моңғолия ұлттық мемлекеттік университетінің «Көркем бейнелеу» факультетінде білім алды.
– Сіз сонда атажұртқа 90-шы жылдардан кейін оралдыңыз иә?
– Иә, 1995 жылы қоныс аударып, содан бері Өскеменде тұрамын. Қолөнермен айналысып келе жатқаныма 35 жылдың жүзі болды. Тәубе, қолымнан шыққан туындылар бірнеше мәрте лайықты бағасын алды. Соның ішінде домбыра аспабы мол сұранысқа ие. Бұл аспап ата-бабадан жеткен киелі мұра болғандықтан қазақ халқының мәдени өмірінде алар орны ерекше.
- Жалпы, қолөнерге қызығушылығыңыз қалай басталды? Домбыра жасау ісіне қалай келдіңіз?
- 1986 жылы кәдесыйлар жасауды бастадым. Олардың философиялық ойға толы «Ана толғауы», «Биші қайың», «Тағдыр», «Тарихнама, «Көкбөрі», «Ана мен бала» сынды түрлері бар. Кәдейсыйлар атауына сай терең ойлы, қазақы нақышта жасалған. Ал домбыра аспабын 1995 жылдан бастап жасап келемін. Түрлі мерекелерде ұйымдастырылатын көрмелерден шақырту түсіп, жасаған бұйымдарымызды апарып көрсететінбіз. Қызығушылық танытатындар саны арта түсті. Өзім де басқа шеберлердің жұмыстарымен танысып, тәжірибе жинақтай бастадым.
- Алғаш жасаған домбыраңыз есіңізде ме? Осы уақытқа дейін неше домбыра жасадыңыз?
- Бірінші жасаған жұмыстарым өзім үшін әрқашан ыстық әрі орны бөлек. Қаншама тер төгіп, жақсы шығуы үшін бар өнеріңді саласың. Домбыраларымның көбін туған-туысқандарыма сыйға тартқан болатынмын. Бүгінге дейін 3500-ден аса аспап жасап шығардық. Оның ішінде, кәсіби домбыраның 8 түрі, күйші Қазанғаптың көне домбырасының көшірмесі, Абайдың көне домбырасының 2 түрі мен нар қобызының көшірмесі, үш ішекті домбыра, ешкінің ащы ішегінен ширатып пернелері тағылған домбыра, бас домбыра, нар қобыз, қыл-қобыз, прима-қобыз, бас қобыз, альт шертер, контрабас, сыбызғы, дауылпаз, даңғара, сылдырмақ, тай тұяқ кәсіби музыкалық аспаптар бар.
- Домбыра жасауға тапсырыстар жиі түсе ме? Айына неше аспап жасайсыз? Бір домбыраға неше уақыт кетеді?
- Иә, домбыраны арнайы тапсырыс бойынша жасаймын. Көбіне студенттер мен өнер адамдарынан сұраныс көп түседі. Әр тапсырыс берушімен ақылдасып, оның талғамын ескереміз. Ерекше тапсырыстардың бірі – Абай Құнанбайұлының домбырасының көшірмесі арнайы тапсырыспен жасалды. Оны күйші Жарқын Шәкәрімұлы жоғары бағалады. Аспаптың осы түрі Астана, Қарағанды, Өскемен қалаларынан сұраныспен қайта жасалды. Жалпы айына 14-15 домбыра шығады. Оның ішінде, 5-6 кәсіби домбыра бар. Бір аспапты жасап шығару үшін 70-72 сағат кетеді. Кәсіби мамандарға арналған домбыра 152 сағатта дайын болды. Ал ең ұзақ кеткен уақыт – 172 сағат.
- Танымал адамдарға арнайы домбыра жасаған кездеріңіз болды ма?
- Нұрсұлтан Назарбаевқа домбыра жасадым. Профессор, шертпе күйдің атасы Жанғали Жүзбаев, оның шәкірті Ардаби Мәуленұлын айта кетуге болады. Оркестерлерде де домбырам үнемі қолданыста. Кейбірі айтыскер ақындардың қолында, әншілер де ұстап жүр. Қанша уақыт өтті, кейбірі есімде қалмапты. Облыс әкімі Даниал Ахметов те алған еді. Шығыстағы өнерпаздар ішінен Арыстанбек Кәкиевке бұйырды.
- Домбыралардың орташа бағасы қаңдай? Ең қымбаты қанша тұрады?
- Домбыраның бағасы 46-50 мыңнан басталады. Орташа бағасы – 250-350 мың теңгенің арасы. Ал ең қымбаты 1 миллион - 2 миллион теңгеден асады.
- Домбыра жасау барысына тоқталып кетсеңіз. Сапалы дүние жасап шығару үшін не нәрсеге мән бересіз?
- Сапалы бұйым жасау үшін ең алдымен адамда ниет болу керек. Ағаш сапасына да мән беру қажет. Менің өзім ағашты үш түрге бөлемін. Оларды арнайы жерлерден сатып аламыз. Қазір шеберханамда 70-тен астам ағаш түрі бар. Әр тапсырыс беруші өз қалауына сай ағаш түрін таңдап алады. Ағашты өңдеп, 3 мм қалыңдықта тілу керек. Одан кейін мойнын дайындау басталады. Оның өзі үш ағаштан құралады. Тіліп алған ағашты пешке қыздырып, иеді. Арнайы қалыпқа салып, формасын шығарылады. Екі бөлігін сүргілеп, бір-біріне қосады. Мойнын қосқан кезде майысып кетпес үшін қатты ағаш қойылады. Құлағын орнатып, домбыра қақпағын дайындау керек. Ою-өрнек салынады. Қайта өңделіп, толығымен боялады. Лак жағылып, пернесі тағылады. Ең соңында тиегін тағып, дайын болған аспапты тексеріп шығамыз.
- Шеберханаңызда көмекшілеріңіз бар ма? Білгеніңізді үйретіп, шәкірт тәрбиелейсіз бе?
- Иә, шеберханамда өзіме көмектесіп, тәжірибе жинап жүрген балалар бар. Олар әр тапсырысты орындауға қатысады. Ұстаздан шәкірт озар демекші, өзімнен де жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкіртім қазір Алматы қаласында.
- Домбырадан бөлек тағы қандай бұйымдар жасайсыз?
- Бұдан басқа қазақ халқының тұрмыстық өмірінде қолданылатын бұйымдарды да жасаймыз. Оның ішінде ағаш ыдыстар бар: ожау, тегене, ет табағы, кесе, астау, бесік. Абайдың жары Еркежанның көне асадал көшірмесін арнайы тапсырыспен жасадық. Қамшының 5-6 түрін өремін.
- Қазіргі таңда домбыраның рөлі мен маңызы туралы не айта аласыз?
- «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаған. Домбыра адамды ерекше көңіл-күйге бөлеп, шабыт сыйлайды. Домбырада ойнау есте сақтау қабілетін арттырып, рухани азық жинауға да үлес қосады. Домбыра – адамзат тарихындағы ең көне аспаптардың бірі. Ата-бабаларымыз домбыра шанағына құйып кеткен қаншама мұңы мен зары қуанышы бар. Домбыра – тарихымыздың көрінісі. Домбыра – қазақтың жаны мен рухани азығы.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан