«Ұлы дала батырлары» атты жолдастық кездесуінде өскемендік палуандар жеңіске жетті

497
көрілім

Өткен сенбіде Өскеменде, ашық аспан астында арнайы ұйымдастырылған спорттық шара спортшылардың жанкештілік танытып, бір-бірлерін асыра лақтыруларымен есте қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сонымен сенбінің кеші, Амфитеатр алды. Өскемендік грек-рим, еркін күрес шеберлері Қазақстан Республикасы құрамасына қарсы тұрды. Алдымен дене қыздырып, бозкілемді сезініп алған қатысушылар жүргізуші хабарлаған соң біртіндеп сап түзей бастады. Жеткен жетістіктері бір басына жетіп артылады.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшылығының ұйымдастыруымен, қала әкімдігінің қолдауымен өткен шара еліміздің әр өңірінен келген палуандардың басын қосты. Алдымен шаһар басшысы Жақсылық Омар сөз алып, жолдастық кездесуде бақ сынайтын әр спортшының алдағы уақытта ел намысын абыроймен қорғап, биік белестерді бағындыратындығына сенім білдірді.

Сосын ШҚО Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының басшысы Марат Мұзапаров қатысушылар мен келген меймандарды қала күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы Дарын Әскербекке де 200 мың теңгенің сертификаты осы жерде табысталды.

Іле алғашқы белдесулер басталып кетті. Алдымен грек-рим күресінен жеңімпаз анықталды. 52 келіге дейінгі салмақта, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер екі кезең толық белдесіп шықты. Жергілікті Тұмар Әділбеков пен Жамбыл облысының намысын арқалаған Арнат Жарылқасын жолығып, салған жерден кесек әдістер жасап, тартысты күрес көрсетті.

Әйткенмен Арнат кездесу барысын бақылауда ұстап, Тұмарды қыспаққа алумен болды. Ұпайды алма-кезек алғандарымен белдесу қорытындысында Арнат басым түсті. Келесі болып еркін күрестен дәл осы жас ерекшелігінде 65 келіге дейінгі салмақта Алмас Сабыр мен Дәулет Абдуманап өзара мықтыны анықтады. Жерлесіміз жасөспірімдер арасында ел чемпионы, Дәулет күміс жүлдегер.

Тегі айтып тұрғандай сабырлық танытып, бар мүмкіндігін паш еткен Алмас 15:6 есебімен белдесуді өз пайдасына шешті. Әрі қарай грек-рим күресі. Күрестің қос түрін осылай алмасып, өскемендік Әли Қалибек Қарағанды облысынан келген Бекбарыс Ниғмашты қапы қалдырды. Есеп 13:4 болып аяқталды.

Ұлан ауданының тумасы, жуырда жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында бесінші орын иеленген Айқын Болатұлы талдықорғандық Әбдуәділ Серікбайға еш мүмкіндік бермеді. Бұлар 17 жасқа дейінгі спортшылар. Бірінші кезеңді 2:1 есебімен ұтып, артынша таза жеңіске жетті.


Қайтадан «классиктер» бозкілемге беттеп, Мәди Жарболов баптаған Елдос Камелов (72 келіге дейін) Ақмола өңірінен келген Изноур Абаевқа тосқауыл болды. Ашық аспан астындағы әр белдесуді көрермен қиқумен қолдап, өскемендік өрендерді жеңіске жетелегендері рас. Елдос Изноурдың әр әдісін бақылауда ұстап, сәт сайын ұпайын еселеп отырды.

Айта кетейік, бұл 20 жасқа дейінгі санат. Бас төреші Нұрболат Мағзұмов қапталда отырып, күрестің қос түрі бойынша да тиісті ұпайларды қалтқысыз көтеріп отырды. Осы кезде Елдос кесек әдіс жасап, есепті 12:6-ға жеткізіп, белдесу аяқталды. Ал еркін күрестен тарбағатайлық Ілияс Ерболатов (74 келіге дейін) елордалық Елдар Қайырбековтың жауырынын жер иіскетті.

Сосын 23 жасқа дейінгі жастар жолығып, көпшілік 55 келіге дейінгі дәрежеде күрескен жергілікті Ерасыл Мамырбековтің жанкештілігіне куә болды. Қарсыласы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айбек Айтбеков. Бұл кездесу бірыңғай төрт ұпайлық әдістерге толы болды. Шиеленісті өткен белдесу 14:13 есебімен Мамырбековтің пайдасына шешілді.


 Дәл осындай екпінмен еркін күрес шеберлері жолдастық кездесудің жібін жалғады. Ересектер арасында ел чемпионатының қола жүлдегері, былтыр Сабыр Рахымовты еске алуға арналған турнирдің чемпионы Олжас Олжақанов Павлодардан келген Ернұр Нұрғазымен шеберлік байқасты. Жуырда Әлем чемпионатына барып келген жерлесіміз Ернұрмен күрескенде бар мүмкіндігін салса да, қарсыласы оңай шағылар жаңғақ болмады.

Кездесу қорытындысы-ақ айтып тұр, Олжас 13:12 есебімен басым түсті. Грек-рим күресінен кадеттер арасында күміс медаль иеленген Нұрсұлтан Базарбаев Абай облысының намысын арқалаған Асаухат Мұхамадиевтің осал тұсын іздеді. 63 келіге дейінгі салмақ ел ішінде де, Азия, жаһандық деңгейде де аса тартысқа толы.

Бір ұпай алудың өзі бас қатырар мәселеге айналып, екеуі әбден қара терге түсті. Әйтеуір жанкүйерлер қолдауымен, бойына біткен тәжірибесімен Нұрсұлтан 7:6 есебімен жеңісті сақтап қалды.
Енді көптің назарын аударып, жанкүйер асыға күткен күреске де кезек келді. Екі дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, көкпектілік Данияр Қайсанов бозкілемге шықты.

Алматы қаласының азулы палуаны Жігер Зәкіров те тыңғылықты әзірлікпен келген. Бірнеше дүркін ел чемпионы әрі Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Бірақ 79 келіге дейінгі салмақ. Ал Қайсанов өзіне үйреншікті 74 келіге дейінгі салмақтан бір дәреже жоғары көтерілді. Белдесу кезінде Даниярдың салмағы жеңілірек екені анық байқалды. Зәкіров сауатты қорғана жүріп, ұпайын да түгендеді. Тартысты өткен кездесуде 10:3 есебімен алматылық спортшы мықтылығын байқатты.

Жалпы, еркін күрестен де, грек-рим бәсекесінен де өскемендік палуандардың мерейі үстем болды.

Жеңімпаздарға 300000, ал екінші орын алған Қазақстан Республикасы құрамасына 200000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. «Ұлы дала батырлары» жолдастық кездесуі осылай мәресіне жетті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ