Осыдан 40-50 жыл бұрын облыс аумағында қылмыстың түр-түрі таралды. Ұры-қарылардың озбырлығы қатардағы тірлік саналса, қастандық жасап, кісі өлтіру із суытудың бір әдісіне айналған. Глубокое ауданындағы адам жегіш, бөтелкелесін ұрып өлтірген сығандар отбасы және басқасы бар. Сондай тажалдар мен тентектерді тезге салып, түрлі бұзушылыққа тосқауыл қойған жандардың бірі – Виктор Горшков. Үлкен Нарын ауылының тумасы 90-шы жылдары болған аты шулы оқиғалар туралы асықпай баяндап берген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алжасқан әке
Балаң жігіт Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Стахановская көшесіндегі милиция бөліміне жұмысқа тұрады. Бұл 1982 жылдың мамыр айы. Алдымен кәмелетке толмағандар ісі бойынша учаскелік инспектор, сосын қылмыстық іздестіру бойынша аға жедел уәкіл, әрі қарай қызметте өсе түсті. Октябрь аймақтық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып, бірқатар даулы істердің бел ортасында жүрді. Соның біршамасы серіктерімен бірлесе әзірлеп, жарыққа шығарған «Красный Восток» атты кітабында жазулы тұр. Дегенмен Виктор Горшков ашқан алғашқы қылмыстардың бірі сол жинаққа енбепті. ВостокМашЗавод мекемесінде істейтін ер адам алимент төлегісі келмей, соған себепкер болған қызын өлтіріп тастаған.
– Үйінде ыдыс-аяқ жиі сылдырлап, ақыры баласына қол салды. Согра ауданына апарып көміп, «біреу қалада бүлдіршіндерді қырып жүр!» деп өтірік дүрбелең туғызды. Жедел іздестіру тобы іске кірісіп, алты тәулік ішінде қылмысты аштық. Оқиға барысында қызын қалай өлтіргенін айтып, мәйітін көрсетті, – деді Виктор Иванович.
Кейіпкеріміздің сөзінше, жеткіншек бірінші сыныпта оқып жүрген. Заттай деректер толық табылып, қызын бақиға аттандырған әкесі кінәсін мойындады. Бірақ адам өлімі мұнымен тоқтамады. Келесі ажал құшқан бозбаланың тегі – Останин. Ол да әкесінің қолынан көз жұмды. Негізінде үйде екі ұл еді. Үлкені үйленген. Бірақ ол уақытта әскер қатарында болды. Екіншісі мектеп оқитын.
– Сабақтан келсе, әкесі келінімен ойнас құрып жатыр екен. Сасып қалған ер адам ұлын қуып жетіп, қылқындырып өлтірді. Артынша ашық алаңға апарып тастай салған. Жедел уәкілдер бірден Михаэлис көшесі, 2 мекенжайы тұрғындарынан жауап алды. Бөтен адамдарды жекелей бақылап, уақыт аралығына талдау жасадық. Ақпарат жеткілікті болып, күдіктіні тергеуге алғанда бәрін мойындады, – деді Үлкен Нарынның тумасы.
Істің толыққанды ашылуын растайтын жайт, келіні де болған жайтты бүкпесіз айтып берген. Бір аптаға созылған тергеу мен тексеріс 1983 жылдың қаңтар айында тіркелді.
Виктор Горшков алпыстың алтауына аяқ басқан. Қызметін өтеп болып, 1999 жылы зейнетке шықты. Біз кітап мазмұнына сәйкес әр тақырыптың шетін шалып едік, әп-сәтте есіне түсірді. Санада бірден сақталғаны – өлім-жітім, ұрлық пен зорлық фактілері әр айда дерлік болған. Бірақ сол уақыттағы тәртіп сақшылары асауға тұсауды тез-ақ салды. Жер-жерде «Қызыл Шығыс» (сол уақытта «Красный Восток») деген ұғып қалыптасып, көбі Өскеменде жазғыштар мен арызқойлар көп деген асығыс қорытынды жасады. Алайда кейіпкеріміздің сөзінше, «Қызыл Шығыстың» мағынасы түспен сабақтасып жатқан жоқ.
– Білген адам мұны қандай да бір кілтсөз немесе өткеннің естелігі ретінде қабылдайды. Бұл тіркес революциялық көңіл-күйге байланысты емес. Қызыл түс үнемі шындықтың, заң мен ардың үлгісі іспетті. Өткен ғасырда облыс көлемінде тәртіптің қалай сақталғаны көбіне аян. Мысал үшін, кей өңірлерде қылмыстық топ күшейіп, жергілікті бұзақылар өз ережелерін енгізген-тін. «Қызыл Шығыс» ұғымының астары – адамдар ақша мен атақ үшін емес, заң жүзінде жұмыс істей білді, – деді Виктор Горшков.
Сылқым сыған
Қылмыс өрті лаулай бастағанда жедел уәкілдер де түрлі жағдайға дайын жүрді. 1987 жылы Өскеменге кейінірек еліміздің Полиция генералы шенін алған Қанат Қожахметов есімді азамат келді. Мұнда атізін салуының себебі, ғылыми коммунизм бойынша емтиханнан сүрініпті. Содан түнгі милиция жасағына қабылданып, Нефтебаза мен Защита аудандарына тексеріске шығып жүрді. Күндердің бір күні Защита көпірінің маңында ер адамның мәйіті табылды. Тергеу тобындағылар алдымен «көлік қағып кеткен болар» деп топшылады. Бірақ сот медициналық сараптама мәйіттің кеуде тұсында өткір темірге ұқсас заттан қалған сызық бар екенін анықтады. Жарылған басында да сондай із бар.
– Қожахметовпен бірге бұл іспен Владимир Андреев есімді белсенді айналысты. Қайтыс болған адамның кіммен аралас-құралас болғанын анықтап, әрбірін тізімге алды. Арада аз уақыт өткенде оның сол түні бірген ішкен адамдары сығандар отбасы болғаны расталды. Сол маңдағы жер үйлердің бірінде тұрады. Мәйітті сойғандар бұған жол-көлік оқиғасының қатысы жоқ екенін бірден айтты, – деді кейіпкеріміз.
Дене жарақаттарына көз жүгірткен сараптама өкілдері соққы тік тұрған күйі емес, жатқан қалпында жасалған деген қорытынды жасады. Ал сол түні бөтелкелес болған сығандар басты күдіктіге айналды.
– Әйелдің аты-жөні – Роза Сухая-Покрепа. Ал ер адам соның қызымен көңіл жарастырып жүрген. Кенеттен сөздері жараспай, соңы жанжалға ұласты. Екеулеп жүріп Нефтебаза жақта өлтіріп, құлаған кезде кеудеден электрқозғалтқышпен төпештеген, – деді тәжірибелі тәртіп сақшысы.
Роза Сухая-Покрепа тергеу кезінде ешнәрсе мойындамады. Аздан соң уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның өлімге қатысы бар деген ақпарат шықты. Бірақ нақты дәлел жоқ, үйін тінтуге рұқсат берілмеді. Күдікті әйел адвокатқа жүгініп, қамалмаудың қамына кіріскен. Бірнеше күн жуынбаған ол қызы арқылы таза киімдерін алдыртуды сұрады. Осы кезде «Легенда» деп аталатын магнитофон шығып жатқан. Сергей Богданов есімді жедел уәкіл айлаға басып, магнитофонды білдіртпей қоқыс жәшігіне салып, бетін қағаз қиқымдарымен жапты. Мүлгіген тыныштық. Содан изолятрға әйелдің қызы кіріп келіп, екеуі ақырын ғана шүйіркелесе бастады. Роза Сухая-Покрепа киімін ауыстырып болып, баласының құлағына «Есіктің артында электрқозғалтқыш жатыр. Дереу соны үйден шығарып, аулаққа лақтырып жіберіңдер» деп сыбырлады.
– Жазылған дыбысты тыңдап болып, солардың үйіне алып-ұшып жеттік. Темір затты ақ халаттылардың алдына қойдық. Олар денедегі сызықты өлшеп, қозғалтқыштың ізі екенін растады. Сығандар салмақты темірмен ер адамнын кеудесі мен басынан бірнеше қайтара ұрған. Жан тапсырған тұрғынның өлімі жол-көлік оқиғасынан болды деп көпті жаңылдыру үшін жол бойына сүйреп апарыпты, – деді жерлесіміз.
80-90-шы жылдары осы сияқты қылмыстар тәртіп күзетіндегі азаматтарға әдепкі жағдай ретінде қабылданғаны рас. Себебі, бірінен бірі өткен қауіпті, шым-шытырық жайттар. Техника түрлері ойлап табылмай тұрып, барлығы ішкі түйсік пен із кесу деңгейіне иек артты. «Әлгі ұры қайта екен?» деп тұрғанда қаныпезер біреу қаланың бір шетінде кісі өлтіріп жатты. Айтпақшы, Роза Сухая-Покрепа қылмысты өз мойнына алып, сот оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданды.
***
Виктор Горшковтың авторлығымен шыққан «Красный Восток» кітабы бірнеше адамның еңбегі. Олар тіркелген қылмыстарды қойын дәптерлері мен парақтарға түртіп, мүмкіндігінше мұрағат қылып жүрген. Үлкен Нарын ауылы тумасының өзінде сондай дәптердің 15-16-сы бар. Бәрі де толып тұр. Жедел уәкілдер бас қосқанда өткен-кеткенді әңгімелеп, соңында оқиғаларды бір кітапқа топтастырды. Алдағы уақытта сайтта Глубокое ауданындағы адам жегіш, Өскемендегі маньяк сынды аса ауыр қылмыстар мен басқа да оқиғаларды ұсынбақпыз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ