Мұндағы тәбиеленушілер ғимараттың бір бөлігіне Бердібек Сапарбаевтың есімін беруге ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Үміт» Балалар үйінің басшылығы Бердібек Мәшбекұлын сағынышпен еске алды.
- Ол әр баланың аты-жөнін, тіпті мінез-құлқына дейін білетін. Сенбі, жексенбі күндері үйіміздің алдына келіп, балалардың жағдайын білгісі келетінін айтқан. Ас бөлмеге кіріп, балалармен бірге таңғы ас ішкен кездері де болған. Кімнің қай оқуға түсетінін бізден бұрын білген. Шығыстан кеткен кезде түнде де, күндіз де бізге қоңырау соғып, балалардың жағдайын біліп тұратын. Өмірімде дәл осындай көңілі кең, жүрегі таза, жауапкершілігі мол, жанашыр адамды ешқашан кездестірген емеспін. Бердібек Сапарбаев қайтыс болған кезде бәріміз жыладық. Оның әрдайым бізге айтатын сөзі: «Жарқын өмір сүруге тырысыңдар. Ең бірінші Отанды ойлаңдар, содан кейін өздеріңді». Бердібек Мәшбекұлының есімі баршамызға үлгі болып қалары анық. Жаны жәнната болсын! – деді Балалар үйінің директоры Майра Баймұқанқызы.
Іс шараның басты мақсаты – Бердібек Мәшбекұлының есімін ұмыттырмау және орталыққа көрсеткен көмегін балаларға естірту. Балаларды қолдау орталығының ұйымдастырушы мұғалім Евгений Выблов тәрбиеленушілерге үміт артып отырғанын айтты.
- Мен де осы орталықтың тәрбиеленушісімін. Бердібек Сапарбаевты кішкентайымнан білемін. Бізге әрдайым келіп, әңгіме-дүкен құрған кездері көп еді. Оның қандай адам болғанын балаларға көрсеткіміз келеді. Оның айтқан сөздері, ақыл-кеңесі жүрегімізде сақталатыны анық, - дейді ол.
Концерт залында Бердібек Сапарбаев туралы фильм көрсетілді. Кішкентай кезінде қандай бала болып өскені, мақсатқа жету жолында қандай қиын-қыстау кездерді басынан өткізгені және еңбек жолынан үзінділер ұжымға көрсетілді. Халық жадында ол ең адал, еңбекқор және ең жанашыр адам ретінде сақталды. Балаларға арналған «Мейірім» атты қайырылымдылық акциясы да Бердібек Мәшбекұлының тұсында бастау алды.
Валентина ГЕОРГИЕВНА