Ақпан айының 14-і күні Екатеринбург қаласы әкімшілігінің білім бөлімі меңгерушісі К.В.Шевченко, «Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералдық университеті» Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары оқу орнының халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Тушин С.Г., РФ Елшілігінің вице-консулы Ардякова М.Ю. қаладағы Лев Гумилев атындағы № 38 гимназиясында болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Делегациямен бірге облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева да мекемені аралап, көптілді және тілдік дарындылықты қалыптастырудағы гимназия тәжірибесімен таныстырды.
Мектепті аралау барысында гимназия мұғалімдері сыныптағы және сыныптан тыс тілдік жұмыстар арқылы қалыптасатын лингвистикалық коммуникативті құзыреттілік, қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдеріндегі мектеп үйірмелерінің жұмысы, кіріктірілген сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ қонақтарға «Абайтану» кабинеті көрсетілді, онда оқушылар қонақтарды жазушы, ақын, аудармашы Абай Құнанбаевқа арналған көрмемен таныстырып, шығармаларына қысқаша шолу жасап, қанатты сөздерді, «Қара сөздерін» және «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқыды.
Экскурсия соңында мектеп бойынша орыс тілі мен әдебиеті апталығына шолу жасалды, онда оқушылар кіріктірілген сабақтар, тілдік сайыстар, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын зерделеу туралы айтып, «Тіл – халықтың тірі жаны» ақпараттық стендті көрсетті.
Пайдалы ақпараттарға толы өткен кездесу гимназия мен Уральск федералды университеті арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.