«Мал ұрлығы» республикалық жедел - алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері автокөліктің жүксалғышында тиісті рұқсат құжаттарынсыз мал етін тасымалдаған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қараша айының 16-сы күні кешкі уақытта ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құрамында Аскат Жайкенов пен Дулат Әбдікәрімов бар «Ертіс» стационарлық-бақылау бекетінде қызмет атқару барысында 46 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ер адам «Lada» автокөлігінің жүксалғышында ұрланған қой етін тасымалдаған.
- Жедел-тергеу амалдарын жүргізу барысында аталған ер адам Бесқарағай ауданында орналасқан шаруа қожалығының аумағына кіріп, Семей қаласының 46 жастағы тұрғынына тиесілі қойды ұрлап кеткені анықталды. Осылайша 50 000 теңге шығын келтірген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 - бабына (Мал ұрлығы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - делінген мәліметте.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.