Сайт редакциясына Үржар ауданынан хабарласқан тұрақты оқырманымыз Ақшоқы ауылына апаратын және ауылішілік жолдардың талай жылдан бері жөндеу көрмей тозып тұрғанын, ауылда көптен бері интернет желісі жылдамдығының төмен екендігін жеткізген болатын. Бұл ретте аудан әкімдігіне сұраухат жібермес бұрын жуырда ғана аудан басшылығына тағайындалған Нұржан Тоқсеитовтың әлеуметтік желідегі парақшасына үңілген едік, осы сұраққа жауап тапқандай болдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Шет ауыл деп шеттемей...»
Белгілі болғандай, шекаралық аумақта орналасқан Таскескен-Бақты-Қарабұта-Ақшоқы жолдарына кешенді жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстарын 2020-2025 жылдар аралығында жүгізу жоспарланған. Қуаныштысы сол, аталмыш жұмыс биыл басталатын көрінеді.
– Ауылға кіреберіс жолдың соңғы рет қашан жөндеуден өткені есімде жоқ. Кейде көлікпен әрлі-берлі өткен жүргізушілер «мәшине доңғалағы тесіледі» деп бұрылмай өте шығады. Шет ауыл деп шеттемей, осыны бір қолға алса ғой. Ауылішілік жолдар да шұрық тесік, – дейді Айзат Асанқызы (аты-жөні өзгертілген).
Мәлім болғандай, Үржар ауданының бұрынғы әкімі бұған дейін Ақшоқы ауылының жолын жөндеу жұмыстары қолға алынатындығын айтса да мәселе бірнеше жыл көлемінде шешімін таппай келе жатқан көрінеді. Сондықтан ауыл атынан іске араласқан белсенділері жаңадан тағайындалған аудан басшысына тағы бір мәрте құлаққағыс етуді жөн санаған. Көңілдерінде бір үміт, бір күдіктің бары да рас.
– ШҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының 2020 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарына Ақшоқы ауылы енгізілген, – деп жауап берген Серік Зинабекұлының ойы тұрғындардың күдігін сейілте қоймаған сыңайлы.
Қыркүйекте ғаламтор қосылады
Сол себепті ақшоқылықтар жаңадан тағайындалған Нұржан Тоқсеитовтен зор үміт күтуде. Өйткені оларда жол машақатынан бөлек, ғаламтор мәселесі де облыстағы талай аудандардағыдай өзекті саналып отыр. «Басқасы басқа, ауылымызда халыққа қызмет көрсету орталығын ашқан еді, ал оның толыққанды жұмыс істеуі үшін интернет жылдамдығының жоғары болуы маңызды» деген тұрғындар мұның салдары оқушылардың лайықты білім алуларына біршама кедергісін келтіріп отырғандықтарын да жеткізді. Осыған дейін Алтай ауданын басқарған Нұржан Тлеужанұлы Үржарға келгелі талай ауылдарды аралап, жағдайымен танысып та үлгерді. Бұл ретте аудан әкімдігіндегілер әлеуметтік желідегі Үржар ауданы әкімдігі парақшасында Ақшоқы ауылына қатысты ойларын білдірді. Анығы сол, осы жылдың сәуір айында республикалық қазынадан бөлінген қаржыға конкурс жарияланады. Аудан басшылығының пікірінше, бүкіл ауылда болмаса да мектептегі ғаламтор жылдамдығы жоғары, әрі кабинеттер де заманауи құрал-жабдықтардан кенде емес. Одан бөлек, білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл 1 млн 325 мың теңге қаржы бөлінген. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 850 мың теңгеге жоғары. Ауданы әкімдігінің пікіріне сүйенсек, Ақшоқы ауылындағы Тұрағыл Қоңыр атындағы орта мектебі интернетті техникалық талаптарға сай қамтамасыз ететін «Astel» фирмасымен келісімшарт негізінде жұмыс істеуде.
– Елді мекендерді кеңжолақты ғаламтор желісімен қамтамасыз ету кестесіне сәйкес «Қазақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС Ақшоқы ауылына 2020 жылдың қыркүйек айында интернет қосады, – дейді Үржар ауданы әкімдігі парақшасында.
Мектептің жай-күйіне алаңдауға негіз жоқ сыңайлы. Тиісті жөндеу жұмыстарына биыл жергілікті бюджеттен 2 млн 400 мың теңге бөлінген. Тіпті аудан әкімдігі парақшасына сенсек, қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінгендіктен ұстаздар қауымы қарбалас жұмыспен танысып, оқушылардың «екінші үйі саналатын» мекеме жұмыстарына араласпауда. Бастысы, осы уақытқа дейін мектеп оқушыларының білім сапасы да құлдырамай, бір деңгейді ұстап келеді. Оған қоса, «ғаламтор желісі Ақшоқыны түгел қамтиды» деген жауап аталған ауылда алдағы уақытта өзекті мәселеге нүкте қойылатынын аңғартатындай.
Әділхан ЕСІМХАНОВ