Ащы судан ұрттап алған ер адам кешкі уақытта үйге келген. Мұны көрген анасы ашу шақырып, баласынан бұл бассыздығын доғаруды талап етеді. Алайда тентек суға тойып алған жігіт тыңдағанның орнына былапыт сөздерді желдей естірген. Сол кезде сабыр суы сарқылған 62 жастағы қарт ана қолына пышақ алады… Осыған байланысты сот ісі Үржар аудандық №2 сотында қаралған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қабанбай ауылының тұрғыны Ағарыс Бекболатов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) сағат тілі 17.30-ға таяғанда Олжабай көшесіндегі жер үйге келеді. Баласының алдынан шыққан анасы Күлзипа оның мас екендігін көргенде кеудесін кернеген ызаны ұстай алмады. «Әй, сен тағы ішіп алыпсың ғой! Доғарсаңшы болды. Мен саған «қой» деп қанша айтамын!» деді ол қабағынан қар жауып. Десе де Ағарыстың анасы айтқан ақылды құлаққа ілер түрі көрінбеді. Керісінше, сөз қайтарған ер адамның аузына ақ кіріп, көк ит шыққан. Сөзін босқа сарп еткісі келмеген ана төсегіне барып жантаяды. Бірақ тыныға алмады. Себебі аузын әлі жаппаған баласы өзін жарық дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген аяулы анасын ауыр сөздермен тілдеп жатыр. «Қой» десе қоймайды. Міне сол кезде шыдамы шарықтау шегіне шеткен Күлзипа Бекболатова асүйден қолына пышақ алып, баласының іш тұсына сұғып жіберген. Сот медициналық сараптама жұмыстарының нәтижесінен белгілі болғандай, жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.
Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен зейнеткер ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар сотталушы 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Асқар ТҰМАРБЕК