Үржар ауданында аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде

595
көрілім

Үржар ауданында «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырылымдылық шаралары қолға алынуда, деп хабарлайды Buqara.kz cайтының тілшісі.

Ауданның елжанды азаматтары, ірі шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлер игі мақсаттағы іс-шараларға білек сыбана қатысып жатыр.

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді береке-бірлікке шақырған құнды мақаласын жариялап, өтпелі кезеңде жұдырықтай жұмылу қажеттігіне ерекше тоқталды. Осы орайда Үржар ауданындағы барлық ауылдық округтерде аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен құрбандыққа шалынған мал еті таратылуда, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.

Оның айтуынша, «Біз біргеміз!» акциясына Бақты ауылындағы әр жылдардағы мектеп түлектері, білім ордаларының ұжымы, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, волонтерлер және жерлес спортшылар үлес қосуда.

- Олар тұрғындарға азық-түлік дорбалары мен медициналық маскалар таратты. Жалпы Төтенше жағдай жарияланғаннан бері аудан бойынша 20 млн теңгеден астам қаржы мөлшерінде қайырымдылық шаралары жүзеге асырылған. Алдағы уақытта игілікті істер жалғасын таба бермек, - дейді бөлім басшысы.