Үржар ауданында былтырдан бері алимент төлемей жүрген борышкер анықталды

431
көрілім

Ақпан айының 21-і күні Үржар аудандық көші-қон қызметі бөлімшесіне алимент төлеуден жалтарып жүрген әкеге іздеу салу туралы жеке сот орындаушысынан қаулы түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

34 жастағы облыс тұрғыны кәмелетке толмаған баласын асырауға алимент төлеуге міндеттелген, алайда былтырдан бері әкелік міндетін орындаудан жалтарған. Осы уақыт дейін жиналған қарызы 200 000 теңгегенің шамасында.

Көші-қон қызметіндегілер борышкерді бір тәулікке жетпей-ақ анықтаған. Ол Алматы қаласынан табылды.
Ер адамның айтуынша, осы уақыт ішінде ол ресми жұмысқа орналаса алмаған. Анадан-мынадан тапқан ақшаға күнін көріп жүргендіктен, алимент төлей алмапты.

Полицейлер алименттен жалтарған әкеге қатысты заңда (ҚР ӘҚБК-нің 669-бабы) әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК-нің 139-бабы) көзделгені туралы түсіндірді. Енді тәртіп бұзушыдан қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады.
Жалпы, жыл басынан бері алимент төлеуден қашқалақтап жүрген 60-тан астам адам анықталған.