Оқиға 8 шілде күні орын алған. Жасы алпыстан асқан ер адам Алакөлдегі жабдықталмаған қауіпті жерде суға түсіп жүрген кезде көз жұмды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, суға батып кеткен ер адам мас күйде болған. Жүзіп жүрген жерінде жоқтығын байқаған туыстары бірден жақын маңда жүрген құтқарушыларға хабар берген.
– Хабар келіп түскен уақытта бірден жеттік. Су бетін қарап шыққанда көзге ештеңе байқалмады. Уақыт өткеннен кейін жағадан 15 метр жерде 4-5 метр тереңдікте ер адамның мәйіті табылды, – дейді 9-құтқару жасағының қызметкері КабдылШарип Конкараев.
Қазіргі уақытта суға батқан ер адамның денесіне медициналық тексеріс жүргізілуде.
Бұған қоса Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларында екі адамның мәйітін іздеу жұмыстары жүріп жатыр.