Көпшілік білетіндей аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ерекше көмек көрсетілуде. Бұл ретте аудан әкімдігінің көпбалалы жанұяларды қолдауы бойынша бірқатар жобалар орындалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жалпы, Үржар ауданында 3060 көпбалалы отбасы бар. Осының ішінде 2023 жанұя 708 млн.теңгенің айтулы әлеуметтік көмегін алып отыр.
– Бұл бағыт бойынша облыс бюджетінен 1 млрд.теңгеден аса қаржы бөлінген. Сондықтан қолдау мәселесіне келсек, қатты назарға аламыз. Заңсыз жолмен әлеуметтік көмекке ие болу, ажырасу, мүлкін жасыру сияқты оқиғаларға жол бермейміз. Барлығы заң шеңберінде болуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Әкімдіктен бөлек, жергілікті демеушілердің де демеп жіберген тұстары көп. «Жан жылуы – жанұяға» акциясы аясында 27 тұрғын үй аз қамтылған, басында баспанасы жоқ отбасыларға салынып берілген. Сонымен қатар «Парыз» қорының есебінен 20 көпбалалы отбасына пәтер кілттері табысталды. Дегенмен игілікті істер мұнымен әлі тоқтамақ емес. Тұрғын үй кезегінде тұрған 236 отбасы келер жылдары жаңа отауға көшеміз бе деген үміттенуде. Аудан басшысы бұл сұрақ та алдағы уақытта шешімін табады деп сендірді.
Данияр Зайнелов