Үржар ауданындағы ХҚКО жаңа ғимаратқа көшті

33256
көрілім

Бүгіннен бастап Үржар ауданының тұрғындары құжаттарды рәсімдеп, барлық қажетті анықтамаларды жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығынан ала алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» МК ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының сөзінше, осыған дейін бұл ХҚКО Абылайхан даңғылы, 45б мекенжайында орналасқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, жаңа ғимаратта мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін барлық жағдай жасалған.

– Халыққа қызмет көрсету орталығы тар орын мәселесін шешу үшін ғимаратты ауыстырды. Ол К.Игембаева көшесі, 65 мекенжайы бойынша орналасқан. Халыққа ыңғайлы болу үшін жаңа ғимаратты Үржар ауылы бойынша орталыққа көшірдік. Сондай-ақ, жаңа ХҚКО-да мүмкіндігі шектеулі қызмет алушылар үшін барлық жағдай жасалынған, - деді ол.

Сонымен қатар жаңа ХҚКО-да құжаттарды қабылдау үшін жұмыс терезелерінің саны артты.

Естеріңізге сала кетейік, облыс бойынша барлық ХҚКО-лар штаттық режимде жұмыс істейді. Пандемия жағдайында қосымша қорғаныс шаралары қабылданған: санитайзерлер орнатылып, белгілер қойылды.

ХҚКО жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін 9.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліссіз. Сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін.