Үржар ауданындағы мектептерде 26 робототехника кабинеті ашылған

1334
көрілім

Ауданда 309 млн.теңге қаржыға 47 пән кабинеттері ашылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Әсіресе заманауи түрде жабдықталған арнайы 26 робототехника және инженерия кабинеттері оқушылардың болашақта білікті маман болуларына ықпалын тигізбек. Жалпы есеппен ауданда бірінші қыркүйектен бастап 12400 бала мектеп табалдырығын аттаса, оның ішінде 1551 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин.

Атап өтетін жағдай, тәуелсіздік алған жылдардан бері Үржар ауданында 21 мектеп пайдалануға берілген. Қазірде 27 ауылдық округте 51 мектеп болса, ондағы мұғалімдер саны – 1789. Соңғы жылдары бірнеше мектеп жаңадан бой көтеріп, үш ауысымда оқу мәселесі де жойылды.

Бүгінде Үржарлық жастарға жан-жақты жағдай жасалуда. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 22,6 пайызға өсіп, 2018 жылға қарағанда 150,7 пайызды көрсетуде.

– Ауылдық округтерде 32 Жастар мәслихаты депутаттары сайланып, аудан дамуына өз үлестерін қосып келеді. Жастар ресурстық орталығы жеті айдың ішінде 130-ға жуық шара өткізді. Бұған қоса, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрған жастардың 12 жобасы мемлекеттік грант ұтып алған. Осы орайда ауданның әл-ауқатын түзейтін жастар белсенді қызмет атқаруда деп ойлаймын, – деді Үржар аудандық Жастар мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Есембаев.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ