Үржар ауданының бірқатар ауылдарына интернет желісі қосылады

814
көрілім

Тұрғындар телефонға қарап телмірмейді, енді олар қол созады аспанға. Неліктен? Талай ауылда өзекті, әлі де өзектілігін жоғалтпайтын ғаламтор мәселесі өңірдегі барлық дерлік аудандарда әлі сақталып келеді, бір өкініштісі. Цифрлық Қазақстан емес «Сиқырлы Қазақстан» дегеннен үміт күтетін алыс-жақын елді мекендердегі талай тұрғын төбешіктер мен ылди іздеп, байланыс аясын іздеумен әлек. Үржар ауданынан хабарласқан оқырмандар жұрт айтып жүрген 3G, 4G байланысы түгіл, қоңырау шалудың өзі қиын екендігіне шағымданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Балалар қайтпек?»

Осының алдында өңірдегі қай ауылдарға интернет желісі тартылатындығы жайлы жазылған еді. Әр ауданның ауылдары көрсетілген. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі берген мәліметте Шығыс Қазақстанның 150 ауылы жазылған болатын. Бәлкім кезең-кезеңімен жүзеге асырылар, десе де әлі назар аударылмай жатқан елді-мекендер қаншама…

– Жаңа оқу жылының I тоқсанын 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқиды деді. Бұл үшін үйде ноутбук немесе компьютер, интернет қажет. Шыны керек, әншейін хабарласудың өзіне қиналыңқырап қаламыз. Сонда балалар қайтеді? Көпшілік айтып жүрген 3G, 4G байланысын тарту қолға алына ма? – дейді Гүлназ Сейтқазинова (аты-жөні өзгертілген).

Бұған қатысты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Болат Амиргалинов ойын ортаға салып, жауап беруді ресми ақпараттардан бастады. Айтуынша, мемлекет басшысының 2018 жылдың 15 ақпанындағы №636 «ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын бекіту туралы» өкіміне және ҚР Үкіметінің 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы №827 шешіміне сәйкес Үржар ауданы бойынша 15 елді мекенде «Талшықты-оптикалық байланыс желіжолдары техникасы бойынша ауылдық елді мекендерді кеңжолақты қатынаумен қамтамасыз ету» жобасы іске асуда.

Бөлім басшылығы не дейді?

– Қазіргі уақытта аудандағы 15 елді мекенге «Қазақтелеком» компаниясымен талшықты-оптикалық байланыс тартылып, 11 ауылдық округке интернет қосылды. Қалған төрт ауылдық округке шілде айының соңында ғаламтор желісі қосылады. Осы жоба аясында елді мекендегі жергілікті әкімшілік, мектеп, полиция учаскесі және аурухана бөлімшелері қамтылды, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылығы.

Өкініштісі сол, 15 елді мекеннің аты аталмаған соң мүлде байланысқа шыға алмай отырған ауылдардың мәселесі жабулы қазан жабулы күйінде қала ма деген күмәннің бары да рас. Бізге хабарласқан Жаңатілек пен Лайбұлақ ауылдарының тұрғындары болмағанда 3G-дің бір шетіне іліне ме екен? Әйтеуір жауапты тұлғалар ұсынған мәліметте тізімге ілінген екен.

– Ұялы байланыс операторларымен адам саны 250-ден асатын елді мекендерді кеңжолақты интернетке қосады. Ұзын-ырғасы 53 елді мекеннің 31 ауылына 3G және 4G байланысы тартылды, – деген бөлім басшылығы жыл соңына дейін 48 елді мекенде кеңжолақты интернет қолжетімді болатындығына сенім білдірді.

 

Жыл аяғына дейін интернет тартылатын ауылдар

 

Ауыл атауы

Байланыс

1

Көктерек

3G

2

Жоғары Егінсу

3G

3

Ақшоқы

3G

4

Егінсу

3G

5

Көктал

3G

6

Сегізбай

3G

7

Некрасовка

3G

8

Ер Қабанбай

3G

9

Қазымбет

3G

10

Қайыңды

3G

11

Қарабұйрат

3G

12

Қызылбұлақ

3G

13

Бұғыбай

3G

14

Сағат

3G

15

Благодатное

3G

16

Жаңа тілек

4G

17

Лайбұлақ

4G