Үржар ауданының бірқатар ауылдарында ауызсу мәселесі шешімін таппақ

462
көрілім

Атап айтсақ, аталмыш ауылдағы Қарабұта, Ақшоқы, Қызылбұлақ, Көктерек ауылдарында жол жөндеу, блок-модульді су тарту сынды мәселелер шешімін таппақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жуырда ғана Үржар ауданына әкім болып тағайындалған Нұржан Тоқсейітов әлеуметтік желідегі парақшасында ауылдарды аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдағанын жазды. Соның ішінде Қарабұта ауылында тұрғындардың сұранысы бойынша осы жылы ауылішілік жолдың межеленген ұзындығына асфальт төселіп, Абай көшесі жарықтандырылатынын жеткізді. Оған қоса су құбырын тарту жұмыстары бақылауға алынбақ.

– Ақшоқы шекаралық аумақтағы ауыл. Келесі жылы ауылдың іргетасы қаланғанына 100 жыл толады екен. Осы ретте арнайы бағдарлама әзірлеп, мұндағы түйткілді мәселелер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады, – дейді Нұржан Тілеужанұлы.

Бұдан кейінгі халықпен кездесуі Көктерек ауылында жалғасты. Жиын барысында орынбасары Дидар Хамитовке көшелерді жарықтандыруға ЖСҚ құруды тапсырып, Мәдениет үйінің мәселесін заң аясында қарауды баса айтты. Сонымен қатар биыл Қызылбұлақ ауылына блок-модульді станса орнату да күн тәртібіне енгізілген. Айтуынша, ауыл тұрғындарының ауыз суға деген тапшылығын шешу жоспарға қойылған.

Жауапты тұлға бұдан соң Келдімұрат ауылына барып, ондағылардың тілек-өтініштерін тыңдап қайтты.

– Жергілікті мектептің бір бөлігі жөндеуді қажет ететіні көрініп тұр. Осы мақсатта Дидар Дәулетханұлына ЖСҚ құруды тапсырдым. Қалған ауылдардың да мәселелерін қараймыз. Бір байқағаным, ауылдағы ағайынның берекесі мен ұйымшылдығы көңіл қуантады. Болашағы жарқын елдің жасампаз ұрпақтары осындай болса керек, – дейді аудан әкімі.