Қаңтар айының 14-нде Үржар аудандық полиция бөліміне «Таскескен – Бақты» республикалық тасжолында қар мен боранның салдарынан көліктері қарға батып қалған жүргізушілерден қоңырау түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Полиция бөліміндегілердің сөзінше, көліктері аталған тасжол бойында Тасбұлақ ауылына көмір әкеле жатып батып қалған. Өз күштерімен жолды ашуға әрекеттенген жүргізушілердің әрекеттерінен нәтиже шықпапты.
– Жолда қалған азаматтарға көмек көрсету үшін аудандық ПБ қызметкерлері Нұрбол Баженов, Талант Нұрғожанов пен Айдар Саматеев тұрғындармен тізе қосып, жолды қардан тазартып, көліктерді шығарды, – делінген ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметте.
Қалың қар жиналғандарды әбден әбігерге салып, үш күн дегенде қарбаластың нүктесі қойылды.
– Тәртіп сақшылары көлікті қар құрсауынан босатып, күре жолға шығарып салды. Өз кезегінде жүргізушілер көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді, – деді полиция бөліміндегілер.