Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының шекара шебінде жатқан Қаратал ауылында роботтехника кабинеті ашылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Менің мектебім» жобасы бойынша ашылған кабинеттің құны 5765000 теңгені құрайды. Айта кетерлігі, роботты техника кабинетін Қаратал ауылында 1984-1994 жылдары аралығында колхоз басшысы боп қызмет еткен Жүнісов Бауыржан Есімұлының ұрпақтары тарту еткен.
- Бауыржан Есімұлы Қаратал орта мектебінің іргетасының қалануына бірден бір үлес қосып кеткен азамат. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінің басқан топырағына ұрпақтарының қамқорлық жасауы жомарттықтың белгісі деп білеміз. Міне, ауылымыздың білім ордасына заманауи кабинеттің толық жабдықтарын сыйға тартып отыр. Ауылдың болашағы - елдің болашағы. Бұл мектеп оқушылары үшін жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз, - дейді Қаратал ауылдық округінің әкімі Қайырхан Ноғаев.
Роботтехника кабинетін Бауыржан Есімұлының ұлы Ернұр Жүнісов табыс етті. Роботты техника кабинеті LEGO Mindstorms EV3 Education робот жиынтықтарымен, кабинет жиһаздарымен және Lenovo ноутбуктерімен жабдықталған. Заманауи құрылғыны тарту еткен Жүнісовтер әулетіне қараталдықтар шексіз алғыс айтты.