Үржар ауданының тұрғыны иттерін қамшымен ұрған ауылдасын пышақтап тастаған

1059
көрілім

Үржар ауданы Көкөзек ауылының тұрғыны салт атпен келе жатқанда алдынан төрт бірдей ит шығып арсылдай жөнеледі. Ер адам қолындағы қамшысымен жануарларды сабалай бастаған. Мұны көріп қалған иттердің иесі жүгіріп келіп ауылдасына «Болды, қойсаңшы» деп ескерту жасайды. Сол кезде екеуінің арасында жанжал шыққан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сәуір айының 30-ы күні сағат 13.30-дар шамасында Ағарыс Жанәділов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) ат үстінде «Тастақ» жер учаскесінің аумағында келе жатқан. Бір уақытта алдынан 4 ит шығып абалай жөнеледі. Ер адам төрт аяқты жануарларды қамшымен сабай кеткенде иесі Бердібек Бектұрғанов ауызша ескерту жасап, иттерді ұрмауын сұраған. Сөзге келмеген еркектер ерегесіп қалады. Ашуға булыққан Ағарыс ат үстінде отырып Бердібекті қамшымен тартып кеп жіберген. Бұл қорлыққа шыдамаған 44 жастағы үржарлық қарсыласын алып жықпақ болып, ұмтыла түскенде аяғы қарағанға шалынып жерге құлайды. Сол кезде Ағарыс оның жағасынан алып жұлқылаған. Зығырданы қайнаған Бердібек қалтасынан мал баққанда ұстап жүрген жүзі өткір, қызыл сапты, ашылып-жабылмалы бәкісін алып шығып, қарсыласының арқасына және оң жақ аяғына сұғып жібереді. Осының салдарынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші Үржар аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жеткізілген.

Аудандық сот қабырғасында өткен сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген. Мұны ескерген судья оның жазасын жеңілдетті. Сот үкімімен Бердібек Бектұрғанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар айыпталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылып, 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК