Үржарда бас имамның діни қызметіне кедергі келтірген ер адам жауапқа тартылды

1111
көрілім

Үржар ауданындағы Шолпан ауылының мешітіне келген азамат жамағаттың көзінше өзінің өзгешелеу діни қөзқарасына байланысты бас имамға қарсы шығып, басқа мұсылмандардың құлшылық жасауына кедергі келтірген. Яғни Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы бекіткен Абу-Ханифа мазхабы бойынша намаз оқу үлгісінің қате екендігін айтып, ашу шақырып имамның айтқан дәлелдеріне мүлде құлақ аспаған. Бұл жайлы аудандық сотқа қаралған іс материалдарында белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шолпан ауылындағы мешітке бас сұққан 48 жастағы үржарлық азамат бас имамға дүйім жұрттың көзінше мешіттің ішкі тәртібі дұрыс еместігін алға тартқан. Өз сөзінде ер адам қазіргі намаз оқу үлгісінің қате екендігін айтып, имамның заңды діни қызметіне кедергі келтіреді.

Осыған орай, Үржар аудандық сотында ӘҚБК-нің 490 бабының, 2 бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Ал Шолпан ауылындағы мешіттің бас имамы өзінің қызметінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалар кеңесімен бекітілген «Мешіттегі ішкі тәртіп ережесі» бойынша жұмыс атқаратынын, айыпталушының намазды өз білгенінше оқып, өзінің әрекеттерімен аталған ережені сақтамайтынын жеткізді.

Сот үкімі бойынша айыпталушы кінәлі деп танылып, 50 АЕК (113 450 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге жазаланды.