Үржарда із-түссіз жоғалып кеткен малшының денесі табылды

1054
көрілім

Үржар ауданында із-түссіз жоғалған малшы суға батып кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 сәуір күні жоғалған малды іздеуге шыққан 1987 жылғы ер адам сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Туған-туыстары полицияға хабарласқан соң, бірден іздестіру жұмыстары қолға алынды. Жергілікті тұрғындар малшының жеке заттарын Үржар өзенінің жағасынан тапқандықтан тәртіп сақшылары оның суға батып кеткендігін болжаған.

Алғашқы күндері жоғалған азаматты іздеуге құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кірісті. Еш нәтиже болмаған соң 30 сәуірде Өскемен қаласынан келген жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылған.

– Іздестіру жұмыстарына сүңгуірлер де тартылды. Олар лай өзенге 9 рет сүңгіді. Сондай-ақ қайықпен жағалауды, құлаған ағаштардың маңын тексердік. 2 мамыр күні су айдынын шолып шыққанымызда сол жерден 5-6 шақырымдай қашықтықтан ер адамның денесі табылды. Қазір мәйіт аудандық полиция бөліміне берілген, - деді жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ермек Тілегенов.