Қарағанды облысында қапияда асқар таудай әкелері із-түссіз жоғалып кеткенде білдей бір отбасы мүшелерінің жайқуат тіршілігін сары уайым мен шерлі-мұң басқан. Жасы алпысқа таяған ер адамның ұлы мен екі қызы қиналғанда қолтықтап, сүрінгенде сүйемелдей білген әкелерін сарыла күтті, сабылып іздеді… Бірақ үйден шығып кеткен Ғани Дүйсембеков сол күйі қайтып оралмаған. «Үмітсіз шайтан» демекші, көрген-білгендер табылар деген оймен Маржан Құсайынова телеарна арқылы әкесіне іздеу салады.
…Үржар ауданының тұрғыны республикалық «Еуразия» арнасын қосып хабар-ошарсыз жоғалған қарағандылық азамат жайлы естіген. Сол кезде алаяқтық жолмен пайда табуды көздеген әйел Маржан Құсайыноваға қоңырау шалып, «сіздің әкеңіз Шығыс Қазақстанда құлдықта жүр!» дегенді айтады. Осылайша, бояма сөздерді желдей естірген үржарлық одан ақша сұрайды. Бұл оқиғаның бүге-шүгесі аудандық соттың іс-материалдарында баяндалған.
Бойында сырқаты бар
2017 жылдың шілде айының 15 күні Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында көшеге шығып кеткен Ғани Дүйсембеков із-түссіз жоғалған.
– Таңертең аулаға шыққан әкеміз сол кеткеннен мол кетті, – дейді Маржан Ғаниқызы, – Соңғы жылдары ол альцгеймер ауруына шалдыққан болатын. Соның салдарынан үйге қайтар жолда адасып қалған болуы керек. Өзіміз іздеп таба алмаған соң, полицияға хабарластық. Бірақ әкеміз жайлы еш хабар болмады.
Ғани Дүйсембековтің жанұясында әйелі, ұлы мен екі қызы бар. Бес немере сүйіп отырған ер адам жаман әдеттерден аулақ болатын.
– Әкеміз тура мінезді, салмақты кісі еді, – дейді қызы, – Көпіріп көп сөйлеуді білмейтін. Әрқашан ақылын айтып, қиын-қыстау сәттерде демеп отыратын. Ішімдіктен бойын аулақ ұстайтын тірегіміз туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болды.
Маржан Құсайынова қандай да бір септігі болар деген үмітпен «Еуразия» арнасы арқылы хабарлама берген. Сол хабарламада бұл азаматтың қайда екендігі жайлы қандай да бір ақпарат естіп-білгендер болса аталған нөмірге хабарласулары сұралып және оларға ақшалай сыйақы берілетіндігі туралы айтылған еді.
«Құлдықта жүр!»
Теледидар арқылы қарағандылық Ғани Дүйсембековтің жоғалып кеткендігін естіген Үржар ауданы, Үржар ауылының тұрғыны Шынар Мамырбековаға (аты-жөні өзгертілген) пайда табу мақсатында қылмыстық ой келген. Сөйтіп, арам пиғылын іске асыру үшін 55 жастағы әйел адам дүкеннен ешкімнің атына тіркелмеген екі актив нөмір сатып алады. Соның бірін «нокиа» маркалы ұялы телефонына салған Шынар «Еуразия» арнасынан көрсетілген Маржан Құсайынованың нөміріне қоңырау шалған.
– Дауысын жуандатып, ер адамның рөлін сомдаған азаматша өзін «Еркін» деп таныстырады, – делінген аудандық сот үкімінде, – Содан барып ол, «әкеңіз Үржар ауданындағы шаруа қожалығында құлдықта жүр. Қожалық иесі оны біреуден 70 мың теңгеге сатып алыпты» дегенді айтады да тұтқаны қойып, ұялы телефонды бірден өшіріп тастайды.
Араға көп уақыт салмай телефонына екінші актив нөмірін салған Шынар Мамырбекова жоғалған ер адамның қызына қайта хабарласады. Бұл жолы алаяқ еркек болып емес, өз даусымен сөйлескен.
– Сіздің нөміріңізді Еркіннен алдым, – деп әккі әйел сөзін бастайды, – Мен Үржар ауданындағы шаруа қожалығының бастығымын. Ғани Дүйсембеков менің фермамда мал бағып жүр. Оны Жезқазған қаласының төрт жігіті келіп 70 мың теңгеге сатып кетті. Егер сол ақшаны қайтарып берсеңіз, әкеңізді босатамын.
Бұл сөздер Маржан Құсайыноваға төбеден жай түскендей әсер етті. Әкесі үшін елеңдеген әйел сол кезде қандай әсерде болғандығын айтып берді.
– Еркін есімді еркек қазан айының аяғында таңғы сағат 8.00-дер шамасында хабарласты, – дейді ол, – Ал өзін Зухра деп таныстырған әйел адам келесі күні сағат 9.35-те қоңырау шалды. Екеуінің бір адам екендігін сол кезде қайдан білейін. «Әкең құлдықта!» дегенді естігенде қатты абдырап қалдым. «Қарсыласуға қауқары жетпей құлдық қамытын киіп, машақат шекті-ау әкетайым!» Малдың соңында жүріп жүдеп-жадаған шығар» деген ой көкірегімді шарлап, өне-бойымды сары уайым торлады. «Шаруа қожалығының иесімін» деген әйел менен 70 мың теңге ақша сұрады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген әкемізді үстемдік көрсеткен дойырдың құрығынан құтқару үшін ақша аяймыз ба? Бірақ туған-туыстарым «Қазір алаяқтар көп қой. Мүмкін алдап тұрған шығар» деп ақша салмауымды сұрады. Бірақ мен оның сөзіне шынымен сеніп қалдым.
Ақыл-ойды сағыныш жеңген
Сөйтіп, алаяқтың арбауына іліккен Маржан оған тек 40 мың теңгесі бар екендігін айтқан. Сол кезде Шынар Мамырбекова «егер сол ақшаны салып жіберсең әкеңізбен бейнеқоңырау арқылы сөйлестіремін» дейді.
– Әкеме деген сағыныш парасат-ақылды шетке ысырып тастады, – дейді Маржан Ғаниқызы, – Бірден бар ақшамды сол әйелдің есеп-шотына аударып жібердім. Осыдан кейін қожалық иесі «сағат 15.00-де хабарласыңыз. Әкеңізбен табыстырамын» деді. Жұмыстан сұранып, асығып-үсігіп межелеген уақытта тұқым-тұқиянымызбен біздің үйге жиылдық. Үржарлық азаматшаға бейнебақылау арқылы қоңырау шалғанымда тұтқаны көтермеді. Телефон нөміріне хабарласып едім, өшіріп тастапты. Осы кезде ғана алаяқтың құрбанына айналғанымды түсіндім. Полицияға хабарласып болған мән-жайды хабарладық.
***
Үржар аудандық сотында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімі бойынша Шынар Мамырбекова ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып 2 жылға бас бостандығынан шектелді. Үкім толықтай заңды күшіне енді.
Алаяқтар аз емес
Өңірімізде мың түрлі құбылтып, адамды торға салып, орға лақтыратын аққатпал алаяқтар аз емес. Осы ретте, сіздердің назарларыңызға бірнеше оқиға келтіре кетуді жөн көрдік:
Өскемен қаласының тұрғыны Оңтүстік Қазақстан облысының 6 бірдей аудан әкімдерінен алаяқтық жолмен миллион теңгені алып кеткен.
Істі қараған Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Сәбит Төрехановтың айтуынша, алаяқтығы үшін қамауға алынған күдікті бұрынғы футболшы болыпты. Ол бұған дейін де осы сынды қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған екен.
Сот барысында анықталғандай, 25 жастағы азаматтың алаяқтық әрекет жасамас бұрын ашық ақпарат көздері мен мемлекеттік органдардың сайтынан аудан әкімдерінің аты-жөндерін, сол аудандардың ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін жіті зерттеп алған. Ашық түрде алты әкімге хабарласып, өзін «Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қызметкерімін» деп таныстырады. Сөйтіп, аудан басшыларынан қайырымдылық шараға деп әрқайсысынан миллион теңгеден қаржы алған.
Тергеу барысында соңғы аудан әкімі облыс әкімдігіне хабарласып, сондай қызметкер жұмыс істей ме деп сұрап алыпты. Осы кезде ғана жігіттің алаяқ екендігі анықталған. Құзырлы органдар көп ұзамай күдіктіні қолға түсіріп, қамауға алған.
Семей қаласында алаяқ сан түрлі әдіспен қала тұрғындарын ағаш аттың басына мінгізген. Бірде жиһаз өндіретін цех басшысына, енді бірде автокөліктердің қыстық шинасын саудалайтын кәсіпкерге айналып отырған ер адам осындай жолмен ақша табады. Ойларына еш секем алмай алаяқтың айласына алданған семейліктер аз болған жоқ. Осылайша, 500 мың теңгеге жуық пайда көрген 30 жастағы еркектің ісі Семей қалалық №2 сотында талқыға салынған. Сот үкімі бойынша айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар, сотталушы 70 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған.
Катонқарағай ауданының тұрғынына телефон шалған ер адам өзін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері ретінде таныстырған. Әйел адамды әңгімеге тартқан еркек «Қылмыстық құжаттармен толықтай танысып шықтым. Балаңыз кінәлі емес. Оны ақтап алып, темір тордан шығарып бере аламын. Тек ол үшін 210 мың теңге ақша қажет болып тұр» дегенді айтқан. Көкейіне үміт сәулесі ұялаған ана Өскемен қаласынан қоңырау шалып отырған алаяқтың сұраған ақшасын бере салған.
Катонқарағай аудандық №2 сотында қаралған іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы осы жолмен жәбірленушіден бір емес, бірнеше мәрте ақша алған. Сот барысында ер адам өз кінәсін толықтай мойындады. Сот үкімімен ер адам ҚР ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағымен 3 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Біздің анықтама
Альцгеймер ауруы – деменцияның ең кең таралған түрі, 1906 жылы неміс психиатры Алоис Альцгеймер тарапынан сипатталған нейрогенеративті сырқат. Әдетте 65 жастан асқан адамдарда кездеседі. Жасы ұлғая келе кейбір адамдар ұмытшақ бола бастайды. Қартая келе тіпті бала сияқты болып кететіндер де кездеседі. Жасы үлкен адамдардың бойындағы бұл құбылысты біз «алжыды» деп жатамыз. Ал медицинада ол Альцгеймер ауруы деп аталады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ