Дзюдодан ұлттық құрама мүшелерін кезекті аламан күтіп тұр. Татами шеберлері аспанасты елінің Циндао қаласында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қытай жерінде желтоқсанның 12-14 аралығында Masters аталатын беделді турнирлердің бірі өтеді. Мамандардың топшылауынша, ұзын-ырғасы 550-ге жуық татами шебері жүлделі орындарды сарапқа салады. Осы жолы бапкерлік құрам аталған турнирде 9 палуанның әзірлігін байқайды. Олардың ішінде 66 келіде Үржар ауданының тумасы, әлемнің вице-чемпионы Ерлан Серікжанов та жүлде үшін жарыс жолына шықпақ. Серікжанов бірнеше сайыста жүлде ауылынан шет қалған болатын. Жерлесімізден бөлек, дәл осы салмақта Елдос Жұмақанов та белдеседі. Сәтін салып, жүлдеге іліккен татами шеберлері рейтингілік ұпайларға ие болады. Бірінші орынға – 1800, екінші орынға – 1260, сонымен қатар үздік үштікті қорытындылаған спортшыға 900 ұпай беріледі.
Әділхан ЕСІМХАНОВ