Жерлесіміз Ерлан Серікжанов Израиль жерінде өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-При бәсекесінде күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған дейін бірнеше турнирде қатарынан жүлде алудың сәті түспеп еді. Тіпті жоғары нәтиже көрсете алмау себебінен Ерлан әлемдік рейтингіде үздік ондықтан да сырғыған болатын. Бұл жолы Тель-Авив татамиінде төрт кездесуін де сенімді өткізіп, ақтық сынға аптықпай шықты. 66 келіде жерлесіміздің сыралғы қарсыластары жетерлік. Осы жолы ақтық сында оңтүстіккореялық Әлем чемпионы, Ан Баулмен жолықты. Дегенмен тәжірибесі толысқан спортшы үржарлық спортшыға белдесу тізгінін бермей, Гран-При турнирінде топ жарды. Серікжанов күміске қол созды. Бұдан кейін жерлесіміз 490 ұпайға ие болып, әлемдік рейтингідегі орнын біршама жақсартып алуға мүмкіндік алды. Тағы бір отандасымыз Елдос Жұмақанов осы салмақта бесінші орынға табан тіреді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ