Үржарлық Ерлан Серікжанов дзюдодан ШҚО-дан шыққан тұңғыш Азия чемпионы

1179
көрілім

Шығыс топырағында осыдан 25 жыл бұрын спорттағы дарыны бір басына жететін татамидің хас шебері өмірге келді. Талай спортшы одан қауіп күтпесе керек. Әлемдік деңгейдегі додаларды қоса алғанда да жерлесіміз күн санап қарқын алып келеді. Қатерлі дерт дендеп тұрғанда айтулы додалар да тоқтатылып, спортшылар үйді-үйлеріне тарқасты. Алайда аймақ тарихында тұңғыш Азия чемпионы атанған Ерлан Серікжанов спорттағы жарқын жеңістері мен татами тартысындағы сәтсіздіктері жайлы ресми дзюдо парақшасына сұхбат берген еді. Ендеше Үржар ауданы, Үржар ауылы тумасының спорттағы аяқ алысына үңіліп көрелік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сеніп тапсырған салмақ

Әлқисса, Ерланның дзюдо үйірмесіне қалай келгенінен бастайық. Қазір жерлесіміздің екінші әкесіндей болып кеткен білікті бапкер Айдар Қайырбаев 2005 жылы дзюдо үйірмесін ашқан. Алдымен былғары қолғап бәсекесінде мүмкіндігін байқап, ол бағытта өзін суда жүзген балықтай сезіне алмасын сезген Серікжанов татамиге беттейді. Бір жағынан жаттықтырушылар спортшының жасы кіші, әрі дене бітімінің ықшамдығына қарап бокс үйірмесіне қабылдамаған екен. Ерланның нағашылар жағы аталмыш спорттан қаражаяу болмаған. Өзіне таңсық спорт түрімен айналысып жүріп, алғашқы нәтижесін үшінші қатысқан сайысында көрсеткен. Спортшының жеткен жетістігіне ата-ананың ықпалы зор екені хақ. Бұл ретте Ерланның анасы да, әкесі Қайратқан аға да демеу көрсетіп, ұдайы тілеулестіктерін танытқан. Жерлесімізге Ұлттық құрама сапына ілігу оңай болмағаны рас. Өзі қатысқан төртінші ел чемпионатында ғана топ жарып, бапкерлік құрамның көзіне түсті. Бапкері Айдар Қайырбаевпен бірлесе оған дейін талай елішілік сайыстарда олжа салуға ұмтылып, ересектер құрамына өтудің кілтін іздеумен болды. Мақсатшылдығы басым жігіт 2017 жылы Алматы қаласындағы оқуын аяқтап, ауылға келген бойда қызу әзірлікке кірісті. Арада аз уақыт өтіп, жерлесіміз Ақтөбе шаһарындағы татами тартысында тұғырдың ең биігіне жайғасты. Біртіндеп бас бапкер 66 келі салмақты Серікжановқа сеніп тапсырып, әлемдік Гран-при бәсекелерінде ел намысын қорғауға мүмкіндік берді. Жалпы 2018 жыл – үржарлық үкілеген үміт үшін айрықша жауапкершілікке толы жыл еді. Ең алдымен, халықаралық деңгейлерде жүлдегер атану арқылы елімізде 66 келі салмақтағы бірінші нөмірлі палуан екенін дәлелдеуі қажет болса, бір жағынан бар жағынан жүлде күтетін қалың жанкүйердің сенімінен шығу еді. Алғашқы ірі сайысы Алматыда өтіп, ол жерде бірінші айналымнан сүрінді. Келесі қатысқан додада қола медаль ие болды.

– Қола медаль еншілегенде қуанышымды жасыра алмадым. Алдымен өзіме деген сенімділік пайда болса, бір есептен әлемдік рейтингіге ендім. Мақсат – тыңғылықты әзірлік жүргізіп, кіл мықтылардың деңгейіне жету еді, – дейді дзюдошы.

Қиынға түсетін қарсыластар

Осы аралықта қаншама оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық додалар өтті. Әйтсе де ең маңыздысы, 2018 жылы Бакуде өткен Әлем чемпионаты еді. Қарсыластың оңайы жоқ. Алдымен Африка, Молдова, Моңғолия елдерінің үздіктерін жолынан ығыстырса, жартылай финалда израильдік Тель Фликермен жолығып, бар шеберліктерін паш еткен текетіресте Ерлан қосымша уақытта жеңісті жұлып кетті. Алайда шешуші сында дзюдосүйер қауымға етене таныс, жапон елінің үздігі Абэ Хифумиге есе жіберді. Ерланның сөзінше, қателік Хифумиге ерек әдіс ойластыру салдарынан кеткен. Жерлесіміз екі сөзінің бірінде моңғол мен қазақ палуандарының күресу әдісі ұқсас екендігін айтып жатты. Яғни белдесу кезінде қарсыласыңды үнемі қыспаққа алып, бос кеңістік қалдырмай күрессе оны шаршатудың сәті түседі. Өкінішке қарай, мұндай әдіс жапон спортшысына өтпеді. Ерланның не ойластырып тұрғанын аңдаған Абэ бұрын қимылдап, алтын медальға қол жеткізді. Бұл жарқын жеңістің соңында қажырлы еңбек пен төгілген тердің тұрғаны белгілі. Ірі додаларға оқта-санда шығып жүрген спортшының жарқ етіп жоғары нәтиже көрсетуі таңқаларлық жайт! Спортшының ойынша, кей қарсыластары Ерланның күресу мәнерінен бейхабар болған, соншалықты тегеурін танытатынын мүлде күтпесе керек.

Негізі үржарлық дзюдошыға ыңғайсыз бірнеше палуан бар. Айталық, мана тілге тиек еткен Абэ Хифуми, оның жерлесі Рюдзю Нагаяма, оңтүстіккореялық Ан Баул, грузиялық Важа Маргвелашвили. Өкініштісі сол, Ерлан осы аталған спортшылардың барлығына есе жіберген. Тағы бір қауіп моңғол спортшысы Башхуу Йондонперенлейден келіп тұр. Күресу әдісі бөлек, әрі бірқатар әдістері қазақ спортшыларына ұқсас. Шынымен де, өзіндік күрес әдісін қалыптастырған спортшы өзгеше күресетін палуанмен жолыққанда 50 пайызға ұтылатын көрінеді. Бұл ойымызды Ерланның өзі де нақтылай түсті. Әйтсе де, 66 келінің кіл мықтылары Азия құрлығында қаптап жүргенін әлемдік дзюдо мамандары да мойындауда. 2019 жылы Ұлттық құрама мүшелері артынып-тартынып Біріккен Араб Әмірлігінің Эль-Фуджайро қаласына жол тартты. 66 келіде Ерланмен қатар, тәжірибелі Елдос Жұмақанов та жүлде үшін жарыс жолына беттеді. Қос спортшы екі топқа түсіп, алдына жолыққанды қоғадай жапырып, өзара алтын медальді сарапқа салды. Финалдың тартысты өтетіндігі сөзсіз еді. Алайда Жұмақанов жарақатына байланысты татамиге шыға алмай, нәтижесінде, жерлесіміз Азия чемпионатында ел қоржынына алғашқы алтынды әперді!
Қазір Ерлан кіндік қаны тамған Үжар ауылында. Төтенше жағдай кезінде де жаттығуын үзбеген. Сәтін салса, 66 келіде Олимпиада ойындарына жолдама алып, әрі қарай ел мерейін асырады деуге сенім мол. Шығыс топырағынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері әлемдік рейтингіде үздік ондыққа еркін енген. Бастысы, жаттығу барысындағы тәртіп пен еңбекқорлық жемісін беруде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ