Үржарлық Бағлан Манабаев пен Әлібек Төлегенов Астанада өткен республикалық деңгейдегі арбада отырып би билеу өнері бойынша Қазақстан чемпионатынан жүлделі оралды. Бидің бес түрі бойынша өнер көрсеткен Шығыс Қазақстан командасы ендігі кезекте биылғы жылдың қыркүйек айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық жарысқа дайындалмақ.
Үржарлық өнерпаздар осы уақытқа дейін де халықаралық сайыстарда бақтарын сынаған. Екі жыл бұрын Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы он сегіз мемлекеттің өнерпаздарының қатысуымен өткен сайыста бесінші орыннан көрінген болатын. Үржарлық өнерпаздардың арбада отырып биді бағындыруына үлес қосқан Үржар әлеуметтік-медициналық мекеме директорының орынбасары Рысқан Джанкушукованың еңбегі зор. Аталған мекеменің ашылуына «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Нұрлан Қаппаров пен Нұрбек Уәлиұлы сынды беделді азаматтар бастамашы болған.
Бағлан Манабаев пен Анна Зубцова
Әлібек Төлегенов пен Анастасия Кашкалда
Астанада өткен сайыста үржарлық өнерпаздар озық өнер көрсетіп, топ жарды. Бағлан Манабаев чемпионаттан Шығыс Қазақстанның қоржынына 4 күміс медаль салса, Әлібек Төлегенов 1 қола медаль иеленді. Аталған сайысқа Қазақстанның тоғыз облысынан мүмкіндігі шектеулі жандар қатысқан. Осы тұста грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратов жас өнерпаздарды спорт арбасымен қамтуға көмектесіп, былтырдан бері қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өту керек.
– Астаналықтар бірінші, біз екінші орын алдық. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қаржы бөліп, осы сайысқа барып отырмыз. Концерт қойып, ақша тауып, үш спорттық арба сатып алдық. Былтыр Қазақстан чемпионаты мен «Kazakhstan open» деген екі сайысқа қатыстық. Биыл жол шығыны, жатар орын бөлініп, осы сайыста олжалы оралған жайымыз бар. Бұйыртса, биылғы маусым айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуды көздеп отырмыз. Одан әрі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Континент кубогі ұйымдастырылады. Оған да барғымыз келеді, – дейді Үржар әлеуметтік-медициналық мекемесі директорының орынбасары Рысқан Джанкушукова. – Біздің мекемеде он жастағы тағы бір бала би өнеріне талаптанып жүр. Ол да арбадағы биді біртіндеп бағындырып келеді. Ендігі кезекте би тобы екі емес, үш жұптан тұратын болады.
Аян Өрібаев