Жуырда грек-рим күресінен Әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев әлемдік күрес парақшасының баспасөз қызметіне сұхбат берді. Әңгіме әлқиссасы ә дегеннен былтыр елімізде өткен Әлем чемпионатынан басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үржарлық палуан елордада өткен аламанда 63 келіге дейінгі дәрежеде қола медаль иеленіп, қоржынына жаһандық доданың төртінші медалін салды. Қалың жанкүйер Кебіспаевтан үлкен үміт күтті. Жартылай финалда жапон палуаны Шинобу Отаның осал жерін тапқанда алтын медальға қол созып қалар ма еді? Оның жауабын беру ешкімнің құзырында емес. Тек белдесу тағдыры солай аяқталуға жазған екен. Мейлі, ол өткен күннің еншісінде. Не дегенмен Кебіспаев күні бүгінге дейін кіл мықтылар қатарынан ойып тұрып орын алған. Тағы бір отандасымыз Мейіржан Шермағамбет те осы топқа қосылуға жақын. Сонымен жерлесіміз Нұр-Сұлтан төрінде өткен додада қалай белдесті, қанша салмақ түсірді, оны берген сұхбатынан ұсынуды жөн көрдік.
– Елімізде алғаш рет Әлем чемпионаты өтті. Өз жерімде 67 келіге дейінгі дәрежеде өнер көрсету үшін барымды салған едім. Алайда оған дейін өткен ел чемпионатының шешуші сынында жарақат алып, белдесуімді аяқтай алмай қалдым. Сөйтіп, мүмкіндік Мейіржан бауырыма берілді. Маған бапкерлер жан-жақтан салмағымды 63 келіге түсіруіме қолқа салды. Сонда 8-10 келідей салмақ тастап, жаттықтырушылар бекіткен салмаққа күрестім. Әрине, өз елімде, жанкүйер алдында алтын медаль иеленгім келді, сол үшін тәуекел етіп салмақ та түсірдім. Дегенмен бұйырғаны қола жүлде. Оны еш қомсынбаймын, бек қуаныштымын. Жұрт алдында туымызды төмен жықпай, тұғыр сатысынан көріндім, – дейді спортшы.
Жартылай финалда есе жіберіп, бір сәт салы суға кеткендей болғаны рас. Десе де еңсе түсірер кез емес еді. Алда кіші финал күтіп тұр. Қарсыласы қалпақпен қағып алар осал жан емес. Қырғызстандық Тынар Шаренбеков. Қуанышқай қарай, үржарлық палуан көпке созбай, барынша жинақылық танытып белдесті.
– Өкінішке қарай, жапондық спортшыны жеңудің сәті түспей тұр. Жеңістің кілтің әлі таппадым. Ал қола медаль үшін болған белдесуде қырғыз палуаны Тынар Шаршенбековпен жолықтым. Ұтатыныма сенімді едім, десе де «әттеген-ай» деп сан соғып қалмас үшін тік жүріп белдесуде бір әдісті сәтті орындауға тырысып бақтым. Артынша бар мәселені төрттағандағы белдесуде шешіп тастағандай болдым, – деген Кебіспаев алдағы уақытта Отадан есесін қайтарарына сенім білдірді.
Тәжірибелі спортшы әлі де тұғырдан тая қойған жоқ. Ірі додаларда бапкерлер Алмат Қабдрашұлына сенім артады. Дей тұрғанмен алдағы уақытта сақа спортшының ізін басар жастардың қаулап келе жатқандығын ескере кеткеніміз жөн.