Сайт редакциясына Үржар ауданынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз ПИК-тың жоқтығына, кәріз суының жағымсыз иісіне наразы екендіктерін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айтуларынша, аудан орталығындағы көппәтерлі тұрғын үйлер ауласынан аққан кәріз суларының иісінен егде жастағы тұрғындар машақат көруде.
– 27 пәтерлік тұрғын үй алдынан қысы-жазы аққан судың иісі әбден ығырымызды шығарды. Ол жақта көбінде зейнет жасындағы адамдар тұрады. Су жазда арық болып ағып, Үржар көшелеріне жайылады. Бұл жөнінде ауыл әкімі хабардар. Дегенмен шарасыздық танытуда, – дейді Айбар Бейсхан есімді тұрғын (аты-жөні өзгертілген).
Бұдан бөлек, ол аудан орталығында ПИК ұйымдастыруды қажет санайтынын және кәріз жүйесінің төлемақысын кез келген адам жинайтынын жеткізді. Ауылдастары атынан мәселеге араласқан үржарлық азамат іске аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тікелей араласуына өтініш жасап отыр.