Еліміздің ұлттық пошта байланысы операторы жаңа қызмет түрін іске қосқандығы туралы «Қазпошта» АҚ-ның инновация және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі abctv.kz сайтына сілтеме жасап.
– Біз ұшақ және теміржол билеттерін онлайн сату жөніндегі қызмет түрін іске қостық және клиенттер үшін барынша тиімді шарттарға қол жеткіздік, – деп жазды ол өз парақшасында.
Қазіргі кезде ticket.post.kz сілтемесі бойынша қызметтің сынақ нұсқасы жұмыс істеп тұр, одан ұшақ және теміржол билеттерін сатып алуға болады.
– Билет құны бізден төмен немесе бізбен бірдей болатын әзірге бірде бір сайтты таппадым, – деп жазды Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында.
Салыстырсақ, Астана-Мәскеу бағыты бойынша Астанадан 1 шілде күні ұшып 8 шілде күні Мәскеуден қайтатын ең арзан ұшақ билетінің құны Қазпоштада 136410 теңге тұрады. Тасымалдаушы – Air Astana. Ал Aviata қызметі дәл сол мерзімде «Аэрофлот» әуе компаниясы тасымалдайтын Астана-Мәскеу тікелей рейсіне 221744 теңге сұрап отыр.
Нариман Мұқышевтың айтуынша, жуырда Қазпошта Post.kz қосымшасында билет сату қызметінің мобильдік нұсқасын іске қосуды жоспарлап отыр.
– Бұл нарықта бәсекелестеріміз көп екенін түсінеміз. Сондықтан жақында ұшақ және теміржол билеттерін сатып алу қызметі сіздің ұялы телефоныңызда – Post.kz мобильдік қосымшасында пайда болады, – деп жазды Нариман Мұқышев.