Ұшық – жұқпалы жара. Ол түшкіргеннен, жөтелгеннен, ерін далабынан, ортақ ыдыс қолданудан пайда болуы мүмкін. Демек ұшықтың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау керек. Әсіресе, суық кезде иммунитетті нығайтса, ұшық шықпайды. Ал ұшық шыққанда қалай емдейді?
Бал – ең тәтті де пайдалы емдік ас. Оны күнделікті бір қасықтан жесе не шайға, жылы сүтке қосып ішсе иммунитетті жақсартады. Ал ұшық шыққан жағдайда күніне бірнеше рет ерінге бал жағуға болады. Ұшық беті қабыршақтанатын болады, сонда қабыршағын алып тастамай, өзі кеткенше күткен жөн. Бал ұшықты емдеуге ғана емес, ерінге маска жасауға да таптырмас нәрсе.
Жанжабіл. Егер тәттіні жақсы көрмейтін, керісінше ащыға құмар адам болсаңыз, ұшық емдеуге жанжабіл көмектеседі. Оның тамырын майдалап турап, қара шайға қосып, арықтау мақсатында ішетінін білеміз. Ол артық салмақтан құтылумен бірге инфекцияны жоюға да қабілетті. Тамырын турап, еріннің ұшық шыққан жеріне басса, тез нәтиже береді. Біраз ауыртып, жанға жағымсыздық береді, есесіне ұшықтан тез арыласыз.
Лимон. Лимон шырынын түрлі тағамға сеуіп дәм қосамыз, шемен, құрт ауруаларына ем етеміз, вирустық аураларға сол арқылы қарсы тұрамыз. Ал ең қышқыл цитрустық жемістің өзін балмен бірге тұмау, суық тию ауруларын жазуға қолданамыз. Лимон жемісі мен шырын ғана емес, қабығы да аса пайдалы. Оның қабығын ұшық шыққан жерге басса, ем болады. Күніне бір жарым сағат өткен сайын бірнеше рет қайталау керек. Лимон сығындысын ерінге жағуға да болады.
Ас содасы. Көптеген ауруға ем болатын тағы бір керемет нәрсе – ас содасы. Оның ең жақсы жері кез келген үйден табылады, сатылу бағасы қолжетімді. Ұшық шыққанда ас содасы мен судан қоспа жасап пайдалануға болады. 100-200 мл суды орташа отта сәл қайнатып, бір шай қасық сода қосып, араластырамыз. Дайын болған қоспаға қағаз майлық не мақта малып, еріннің ауырған жеріне басамыз.
Тұз. Ұшықты емдеуге тұз да пайдалы. Оның салатқа арналған, теңіз тұзы секілді тым майда түрін таңдаймыз. Ерінді сәл ылғалдандырып алып, ұшық үстіне сеуіп қою керек. 10-15 минуттан соң жылы сумен шайып, ерінге арналған бальзам жағуға болады.