Облыс орталығындағы Промбаза шағын ауданындағы №2 көпқабатты үйдің іргетасы мүшкіл халде.
Кеңес үкіметі кезінде салынған үй сумен, жылумен қамтамасыз етілген. Үй бес қабаттан тұрады. Кірпіштен салынған. Онда 48 пәтер орналасқан. Алғашқы қабатында азық-түлік дүкені бар. Бірақ, 1981 жылы таудың үстіне цементтерге салынған үйдің қазір іргетасындай болған цементтері үгітіліп, арасы кеңіп барады.
- Жаз шықса жауын-шашын, көктемде қар еріп, қыста қар ортасына кіреді. Ылғалдан ери бастаған цементтер алға жылжығалы қашан. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді ғой, астындағы аялдамаға түсу үшін жанынан өтетін адам құлауы да мүмкін. Осыдан біраз уақыт бұрын жауапты мамандар келіп, сақтық мақсатында «Жаяу жүргінші үшін қауіпті» белгісін қойып кетті. Ал құр белгінің пайдасы қандай?, - дейді тұрғындар.
Жүргіншілердің жалғыз жүретін жолы осы. Белгі тұрса да жаяу жүргіншілер өте бермек. Себебі, аялдама тура осы жолда.
Халық қауіптің алдын алу үшін жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетіндігін білгісі келеді. Әлде әдеттегідей тек қайғылы оқиға болған соң шара қолданыла ма деп алаңдайды.
- Бұл үйде 2000 жылдан бері тұрып келемін. Экологиялық таза аудан. Орталыққа да жақын. Өте ыңғайлы. Тек осы цементтердің алға жылжып, құлайын деп тұрғаны мазалайды, - дейді №2 көпқабатты үйдің тұрғыны Қуанышбек Айтбергенов(аты-жөні өзгертілді).
Үй тұрғындарының баршасының алаңдайтыны осы. Расыменде тиісті шара қолданылмаса, мұның соңы не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
P/S:
Неде болса жақсыдан үміттіміз. Жаңа, Әділетті Қазақстанның атқамінерлері мәселенің оң шешімін табады дегенге сеніміміз кәміл.
Әмина БАҚЫТБЕКОВА