Қаңтар айының ортасында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында Риддер қалалық полиция басқармасының тәртіп сақшылары есірткіні сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
31 астағы тұрғынның пәтерін тінту барысында жуыну бөлмесінен екі пластмасса бөтелке, темекі шегуге арналған құрылғылар мен қоңыр түсті қатпарлы металл ыдыс табылып тәркіленді. Сондай-ақ раковинаның астындағы ас үй жиһазынан пластикалық бөтелкенің сынықтары табылып, ішінде қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес зат бар шүберек материал бар екендігі белгілі болды.
– Оның ерекше иісі бар, сонымен қатар қонақ бөлмедегі сөреде қоңыр-жасыл түсті, өзіне тән иісімен өсімдік заты бар полимерлі орама табылды. Сарапшы қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы - 28,47 грамм кептірілген марихуана болып шықты. Бүгінде оған ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды, – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясы бойынша 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.