Өскемендік «Торпедо» хоккей клубының және ұлттық құраманың капитаны Евгений Рымарев Қазақстанның үздік хоккейшісі атанды, деп хабарлайды газет тілшісі sports.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстанның үздік хоккейшісі» байқауының директорлар кеңесі 2017-2018 жылғы маусымның лауреатын анықтайтын дәстүрлі сауалнаманың қорытындысын жариялады. Дауыс беру нәтижесінде «Торпедоның» және Қазақстан құрамасының шабуылшысы 29 жастағы Евгений Рымарев 2017-2018 маусымының үздік хоккейшісі атанды. Жеңімпаз осыдан төрт жыл бұрын байқаудың үшінші орнына табан тіреген болатын.
Екінші орынды 22 жастағы өскемендік Семен Кошелев жеңіп алды. Хоккейші «Авангардтың» құрамында ҚХЛ плей-офф кезеңінде өзін барынша көрсете білген, сондай-ақ, Ресейдің Олимпиада құрамасына шақырту алған.
Үшінші орынға «Барыстың» және ұлттық құраманың 32 жастағы шабуылшысы Роман Старченко жайғасты. Ол 2013 және 2015 жылдары Қазақстанның үздік хоккейшісі атанған.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ