Жуырда Нидерланды жерінде қазақ күресінен командалық Еуразия кубогі өтті. Ел құрамасы үздіктер бақ сынаған додада жүлдегерлер үштігін түйіндеді, деп хабарлайды газет тілшісі vksport.kz сайтына сілтеме жасап.
Біріккен күрес әлемінің күнтізбесіне сай өткен додаға барлығы 8 елдің балуандары қатысты. Құрама сапында қос бірдей шығысқазақстандық спортшы болды. Бірі – 60 келі салмақтағы Өскен Төлеубеков, екіншісі – 100 келіден жоғары салмақтағы Талғат Әмренов. Олар алдымен Өзбекстан құрамасын шиеленісті өткен белдесуде 3:2 нәтижесімен тізе бүктірді. Одан ары 4:1 есебімен қырғызстандық балуандарды қапы қалдырды. Алайда шешуші сында моңғол балуандарына жол беріп қойды. Есеп 2:4. Отандастарымыз үшінші орын үшін болған белдесуде нидерландиялық қарсыластарын айқын ұтып, жүлдеге қол жеткізді. Ал ақтық сында Грузиядан келген спортшылар моңғол балуандарын сенімді ұтып, жеңімпаз атанды.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ