Владимир Ленин ескерткіштерінің бірі – Глубокое ауданының Уварово ауылында

504
көрілім
Фотосурет автордікі

Әлемнің алтыдан бір бөлігін құраған Кеңес өкіметінің уығы шайқалып, іргесі сөгілгенде дүниенің астаң-кестеңі шыққандай болды. Жер-жерде бей-берекетсіздік орнап, халықаралық ресми жиындарға қатысу үшін империя құрамынан бөлініп шыққан мемлекеттердің басым көпшілігі қаражат таппай, экономиканы бір бағытқа қойғанға дейін жоқтан бар жасап күнелтіп бақты. Ресми деректер КСРО ыдыраған шақта солтүстіктегі көршімізде Лениннің 7000-ға жуық ескерткіші болды дегенді растауда. Бізде де бар екен, яғни Алтай өңірінде. Нақты санын біле алмадық, дегенмен соның бірі Глубокое ауданының Уварово ауылында. Күн көсемнің туған күні сәуір айының үшінші онкүндігімен тұспа-тұс келгендіктен сайт тілшісі облыс көлемінде көзге іліккен ескерткіштер хақында мақала әзірлеген еді.

Сөйлегенде сенімді

Владимир Ильичтің қазақ қоғамына әкелген пайдасы шамалы болар. Алайда өз бұқарасы үшін пір тұтылып, қай тұрғыдан болсын үлгі алар біртуар азамат ретінде сақталғаны белгілі. Мәселен 5-tv.ru сайтында Владимир Ильич жайлы 50-ден астам қызықты әрі шынайы деректер келтірілген. Барлығына дерлік сене салу артықтау болар, десе де кейбір жазылғандарға қараған көз сенбесе де, ішкі түйсік иланғандай болды. «Күн көсем» қанша жерден ділмар сөйлеп, қалың жұртты сенімді сөйлеуімен аузына қаратса да ойын білдіруде арагідік тұтығып қалған көрінеді.

Бастапқы тегі Ульянов болған. Марқұмды табалап, әруағын мазалағанымыз емес, тек кеңестік жүйенің ықпалын естіп-білген жандар үшін өткенге бір шолу жасауды жөн көрдік. Сәуір айының 22-сі кеңестік көсемнің ғұмыр есігін ашқан күні. КСРО көлемінде дүркіретіп атап өтіліп, дәл сол күні балалардың пионер қатарына қабылданғаны әлі күнге дейін талайының жадында болар.

Соңғы жылдары облыс көлемінде Алаш абыздары мен зиялыларының ескерткіштері көптеп бой көтере бастағанымен өткен күн сарқыншақтарының әлі де сақтаулы тұрғанын айта кеткен жөн. Бірі үшін бұл – XX ғасырды еске түсірер естелік болса, тағы біреулер үшін советтік салқын саясаттың көрінісі.

Достықтың дәнекері ме?

Жұмыс барысымен Ертіс ауылдық округіне қарасты Уварово ауылына барғанда, айналасы нақыштап қоршалған мекеменің алдында Владимир Ильичтің ескерткіші Кеңес өкіметінің болашағын көз көрім жермен ұштастырып тұрғандай. Оң қолы көтеріңкі қалыпта шынтағынан бүгілген. Көпшілікке жарқын болашаққа жол көрсетіп тұрған сыңайлы. Солай болған да шығар. Дей тұрғанмен түбінде соңынан ерген жұрттың жағдайы жақсарып, уайым-қайғысы азайды десек ақылға сыймас. Кім білсін, ауылдық округ әкімдігі «Күн көсемді» күні бүгінге дейін халықтар достығының шырақшысы деп қабылдайтын болар, ескерткіштің дәл артында қарағай мен қайың біркелкі егілген екен. Оқтай түзу ағаштар жарыса өсіп, буржуазия диктатурасын басшылыққа алған советтік тұлғаның ту сыртын қорғап тұрғандай.

Қызығы сол, осыған дейін өзге аудандарда орын тепкен өзге ескерткіштер тегіс Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығына көшірілген. Бірі – Ұлан ауданының Таврия ауылында, бірі – Риддер қаласында, тағы екеуі Өскемендегі орталық және бас алаңдарда тұрған. Уақыт шіркін алады өзінікін. Осыдан бір ғасыр бұрын барлығын коммунизмге жеткіземін деген утопиялық көзқарасы, Алаш қайраткерлерінің нақты қадамдарымен көпшілік санасынан сағым болып жоғалғандай. Увароводағы еңселі ескерткіш елдіктің нығаюына еш әсер етпес, маңыздысы сол, қазақ бұқарасы еш уақытта бірлігінен айырылмасын!

Әділхан ЕСІМХАНОВ