Ресми дереккөздерінде жазылғандай, волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші кезеңі Өскеменде өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қажымұқан атындағы ШҚО жеке күрестен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің спорт залы республика көлемінде жоғары бағасын алған. Паркеті ойынға өте ыңғайлы әрі аумағы да біршама кең. Сол себепті ерлер мен әйелдер арасында чемпионат турлары мен Суперкубок ойындарының облыс орталығында өткізілуі заңдылық.
Чемпионаттың үшінші кезеңінің кездесулері ақпан айының 1-10 аралығында Өскеменде өтеді деп жоспарланған. Бастапқыда 10 күндей ерте өткізіледі деп ақпарат тараған болатын. Алайда Қазақстан волейбол федерациясының Бас хатшысы Ерлан Сырлыбаев елде болып жатқан Төтенше жағдайға байланысты кейінге шегеруді жөн көрген.
Жауапты тұлға елорда мен Алматы қаласындағы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларына хабарлама жолдады.
– Қазақстан волейбол федерациясы әйелдер командалары арасында Ұлттық лигада өнер көрсетіп жүрген ұжымдар арасындағы ел чемпионатының 3 туры өтетіндігі жайлы хабардар етеді. Қосымша сұрақтар болса 8-777-981-88-06 нөміріне (Мархат Ченваев) хабарласуға болады, – делінген мәліметте.