Волейболдан клубтық Азия чемпионаты Семейде өтеді

2980
көрілім

24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Семейде волейболдан әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қарағайлы шағын ауданындағы «Арена» мәдени-спорттық кешенінде өтетін бәсекеге әйелдер арасындағы волейболдан сары құрылықтың ең үздік алты командасы қатысады. Чемпионат аясында қазақстандық командалардан бөлек, Жапония, Таиланд, Өзбекстан, Иран елдерінің командалары өзара мықтыны анықтайды. Еліміздің намысын «Алтай» (Өскемен қ., ШҚО) және «Қуаныш» (Петропавл қ., СҚО) клубтары қорғайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби клубтар арасындағы волейболдан қазіргі Азия чемпионы шығысқазақстандық команда. Байрақты бәскеде топ жарған «Алтай» волейбол клубы өткен жылы финалға шығып, алаң иелері таиландтық Nakhon Ratchasima QminC командасын 3:0 есебімен жеңген болатын. Дәл осы жеңістен кейін Түркияда өткен клубтық Әлем чемпионатында ел намысын қорғап қайтты. Дегенмен Түркия мен Бразилияның азулы ұжымдарына жол беріп, жүлдеге іліне алмады.

Марко Гршич шәкірттерінің қазіргі қарқыны жаман емес. Соңғы рет наурыз айында өткен Ұлттық лига командалары арасында өткен ел чемпионатында дес бермеді. Сана Анарқұлова, Надежда Кодола, Кристина Аниконова, Мадина Бекет және Даница Раденковичтер жекелей аталымдарда үздік шығып, команданың әлі де екпінін жоғалтпағанын дәлелдеген-тұғын.