2020 жылғы оқу жылынан бастап, волонтерлік қызметпен айналысатын студенттердің шәкіртақысы 30% қосылатын болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
– Бүгінгі таңда республикада 200-ден астам ерікті ұйым жұмыс істейді. Еріктілер қозғалысы 50 мыңнан астам адамды қамтиды. Өздеріңіз білесіздер, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды "Волонтерлер жылы" деп жариялады. Шын мәнінде, бұл "Жастар жылының" жалғасы болады деп ойлаймын. Бұл мәселе әлі де талқыланатын болады. Нормативтік базаны, оның ішінде жұмыс тәжірибесіне волонтер ретінде қосу немесе университеттерге, колледждерге түсу кезінде еріктілердің белсенділігі ескерілу мәселесі бойынша жұмыс істеуді жетілдіреміз, – деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, министрлік "Студенттік бастама" волонтерлік қозғалысын құру және жас волонтерлер базасын қалыптастыруды көздеп отыр екен.
Студенттерді құрылыс отрядтарына тарту мәселесі пысықталды. Студенттер жазғы демалыс кезінде құрылыс жасақтарында жұмыс істей бастады. Ерікті қоғамдық пайдалы қызметке тартылған студенттердің үлесін арттыру бойынша "Әлеуметтік студенттік несие" жобасы іске қосылды. 2020 жылы басталатын жаңа оқу жылынан бастап балалар үйлерінде, арнайы мектептерде, қарттар үйлерінде және басқа да мекемелерде волонтерлік қызметпен айналысатын жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 30% арттырылады деп жоспарланып отыр, - дейді министр.
Бұған дейін Қазақстанның барлық өңірінде жастарға арналған жалдамалы пәтерлер салынатыны хабарланған болатын.