«Востокцветмет» ЖШС кен орнын жою кезінде ағаттықтарға жол берген

281
көрілім
Фотосурет vnedra.ru парақшасынан

Бұрынғы Юбилейно-Снегирихинское кен орнының шахта суларының өздігінен ағуы нәтижесінде Малая Карагужиха өзенінің металдармен ластануы және Глубокое ауданындағы Снегириха тауының опырылуы анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бұған дейін тексеріс жүргізді. Мәлім болғандай, «Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзуы салдарынан ауданы 15 000 шаршы метрден асатын тау жыныстары опырылған.
- Облыстық Экология департаментінің су сынамаларын зерттеулеріне сәйкес, суда құрамында ауыр металдардың (мырыш, кадмий, темір, марганец және т.б.) ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының нормативтері 83 мың есе асқан, - делінген прокуратура ұсынған ақпаратта.
Анықталғандай, кенішті жою кезінде кәсіпорын жеке рекультивация жұмыстарын жүргізген жоқ және кеніш аумағы бастапқы қалпына келтірілмеді. Осыған қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органдардан тұратын комиссия кен орнын жоюды қабылдау актісіне қол қойған.
- ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кенішті жою бойынша қабылдау актісінің күшін жою туралы сотқа талап арыз беріп, ол қанағаттандырылды. Жоюды қабылдау жөніндегі комиссия актісі заңсыз деп танылды. Оның күші жойылып, апелляциялық орган сот актісін күшінде қалдырды, - деді жауапты тұлғалар.
Қазіргі уақытта прокуратура «Востокцветмет» ЖШС-ін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту, сондай-ақ кеніштің тиісті жойылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану себептерін жою бойынша шаралар қабылдауда.